Қырғызстан көкпардан әлем чемпионатына неге қатыспады — федерация өкілі жауап берді

Қаракөз Амантай 19 нау. 2026 09:39

Қазақстан көкпар федерациясының өкілі Сәкен Сейітхан Түркістанда өтіп жатқан көкпардан әлем чемпионатына Қырғызстан құрамасының неліктен қатыспағанын түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, спорттық жарыстардың ережесіне сәйкес, қатысушы командалар туралы ресми ақпарат мандаттық комиссия жұмысы толық аяқталғаннан кейін ғана жарияланады. Осыған байланысты федерация тарапынан алдын ала мәлімет берілмеген.

“Мандат комиссиясы жұмысының қорытындысына сәйкес, қатысушы командалар туралы ақпарат федерацияның ресми әлеуметтік парақшасына жарияланды”, - деді ол.

Сондай-ақ ол Қырғызстан тарапының уәжіне де түсініктеме берді.

“2025 жылы мамыр айында Республикалық федерация құрамы толықтай өзгерді. 2025 жыл - көкпардың ішкі мәселелеріне сараптау мен саралау жұмыстарының жүруіне байланысты халықаралық жарыстар өтпеді.

2026 жылдың қаңтар айының соңында Ұлттық және ат спорты орталығының Әлем Чемпионатын өткізу туралы ұсынысын қабыл алып, жарысты өткізу туралы шешім қабылданды. Халықаралық Көкпар қауымдастығына мүше болып табылатын барлық елдерге бір уақытта шақыру жолданды. Шақыруды қабыл алған елдер Әлем Чемпионатына қатысуға келді”, - деп толықтырды ол.

Федерация өкілі Қырғызстан құрамасының қатыспауы чемпионат деңгейіне әсер етпейтінін де атап өтті.

“Себебі қатысушы командалардың деңгейі өсіп келеді”, - деп түйіндеді Сейітхан.

Айта кетейік, 17 наурыз күні Түркістанда жаңадан салынған атшабарда көкпардан әлем чемпионаты жалауын көтерді. Дүбірлі додаға әлемнің 9 елінен командалар қатысып жатыр. Атап айтқанда, Ауғанстан, Қытай, Мажарстан, Моңғолия, Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркия және Қазақстан құрамалары жүлде жолында бақ сынайды.

Жарыс регламентіне сәйкес, 17-19 наурыз күндері топтық кезең ойындары өтіп, үздік шыққан командалар жартылай финалға жолдама алады. 20 наурызда жартылай финалдық кездесулер ұйымдастырылса, 21 наурыз күні шешуші ойындар өтіп, чемпион мен жүлдегерлер анықталады.

Еске салайық, бұған дейін спорт журналисі Ақырыс Сейітқазы Көкпар федерациясының ақпараттық жұмысын сынға алған еді. Оның айтуынша, Түркістанда өтетін әлем чемпионатына Қырғызстан құрамасының қатыспайтыны туралы федерация ресми түрде алдын ала хабарламаған. Журналист нақты ақпарат алу үшін федерация өкілдеріне жүгінгенімен, толыққанды жауап ала алмағанын жеткізді. Сондай-ақ ол чемпионаттың ұйымдастырылуы мен БАҚ-пен байланыс деңгейіне қатысты сын айтты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove