Студенттер қалашығын көркейту, сән-салтанатын арттыру жұмыстары Наурыз айынан бастап қолға алынып келеді.
Ұлыстың ұлы күні «Ағаштар аллеясы» ашылып, онда ұжыммен бірге 160-тан астам қырым қарағайы мен алтай шыршасы отырғызылған болатын.
Ғылым қызметкерлері күнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қырының» бірі ретінде атап өткен Сиверс алмасының 90 көшеті егіліп, ол «Ғалымдар бағы» деп аталды.
Игілікті іс бүгін жалғасын тауып, «Ағаштар аллеясына» тағы 120 түп қырым қарағайы қосылды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы, Ректоры Жансейіт Түймебаев ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласындағы тапсырмаларға тоқтала келе, көзделген міндеттер ҚазҰУ қалашығында айқын көрініс табуы қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ қалашықты жастардың жайлы, көпшіліктің көңіл қуантар мекеніне айналдыру үшін ауқымды жұмыстар жоспарланып, алдағы уақытта барлық жатақханалар маңын көріктендіру көзделгенін атап өтті.
Ал жастар ұйымдары комитетінің жетекшісі Мадина Искакова: «Қасиетті Рамазан айында қайырымды іске атсалысқаныма қуаныштымын. Студенттерге қолайлы жағдай жасап отырған университет басшылығына алғыс білдіреміз» деді.