19 мамырда "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Shell концерні барлау және өндіру бөлімшесінің басшысы Питер Костелломен кездесті. Кездесуде трансұлттық концернінің Қазақстандағы Солтүстік Каспий және Қарашығанақ жобалары бағытындағы қазіргі жұмыстары талқыланды, деп хабарлайды Dalanews.kz ұлттық компания баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
ҚМГ баспасөз қызметінің мәліметінше, 2025 жылдың 4 айдың қорытындысы бойынша Қашаған кен орнында ҚМГ үлесін қосқанда 6 млн 118 мың тонна мұнай өндірілді. 2025 жылға жоспарланған өндіру көлемі 17,8 млн тоннаны құрайды. Мәселен, 2024 жылы бұл кен орнынан 17,4 млн тонна мұнай өндірілсе, 2023 жылы бұл көлем 18,8 млн тоннаны, 2022 жылы — 12,7 млн тоннаны құрады. 2024 жылдың соңында NCOC 2025-2026 жылдары іске асырылмақ Қашағандағы тәулігіне өндірелетін мұнай көлемін 370 мың баррельден 450 мың баррельге (57,24 мың тонна) дейін ұлғайтуды қарастыратын жобаны ұсынды. Келісімшарт 2041 жылға дейін жарамды.
Өз кезінде Хасенов кен орнының зор әлеуетін ескере отырып, жобаның барлық қатысушыларын елішілік құндылықты дамытуға және қазақстандық қамту үлесін арттыруға баса назар аудара отырып, Қашағанды толық игеру жоспарын орындаудың маңызын атап өтті.
Қарашығанақ кен орнында ҚазМұнайГаз үлесін қоса алғанда, өндіру көлемі 2025 жылғы 4 айда 3,8 млн тонна мұнайды құрап, жоспар асыра орындалды. Биыл Қарашығанақта 11,14 млн тонна мұнай және 25,57 млрд текше метр газ өндіру жоспарланған. ҚМГ Қарашығанақ жобасындағы серіктес ретінде осы кен орнында қуаты жылына 4,5 млрд текше метр болатын Газ өңдеу зауытының құрылысы бойынша оң динамиканың жоқтығына алаңдаушылық білдірді.
Тараптар қазақстандық кадрлардың біліктілігін арттыру және дамыту мәселелерін, атап айтқанда ҚазМұнайГаз мамандарын "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В." компаниясына жіберуді қарастырды.
Сонымен қатар кездесуде жер қойнауын геологиялық зерттеу бойынша ынтымақтастық орнату мәселесі сөз болды. ҚазМұнайГаз геологиялық барлау жобаларына инвестиция тарту мақсатында 2024 жылы жаһандық роуд-шоу өткізді. Өз кезегінде Shell бірнеше перспективалы учаскеге қызығушылық танытты.
Компаниялар арасында ортақ геологиялық барлау жұмыстарын жоспарлау үшін сейсмикалық зерттеулердің нәтижесін тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін келісім жасалды. Атап айтқанда, қазіргі уақытта Shell Ақтөбе облысында орналасқан "Мұғалжар" жобасының әлеуетін бірлесіп зерттеуге қатысып жатыр.
"ҚазМұнайГаз Қазақстандағы бірлескен инвестициялық жобаларды қоса алғанда, өзара іс-қимылдың жаңа форматтарына әрқашан ашық. Біз ұзақ мерзімді стратегиямызды іске асыру аясында Shell компаниясын басым серіктес ретінде қарастырамыз", - деді Асхат Хасенов.
Бұған дейін сайтымызда "Әлемдік нарықта мұнай бағасы құлдырауда: ҚМГ еш саспайтынын айтты" деген мақала жарияланған болатын.