Түркістан облысы Қазынашылық департаментінде 15 жыл жұмыс істеген тәжірибиелі қызметкер өңірде заңсыз, қылмыстық құжаттар жасалғанын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қызметкердің сөзінше, ол заңсыз, қылмыстық құжаттарды өткізуден бас тартқаннан кейін департамент басшысы Ләззат Шөкеева тарапынан қудалауға ұшыраған.
Оның айтуынша, Түркістан облысының әкімдігі Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекеттен 36 миллиард теңге алған.
"Әкімдік "жаңылтпаш" хат жазған. Түркістан облысында Қаңтар оқиғасы кезінде ешнәрсе бұзылмаса да төтенше жағдай деп маусымда, яғни Қаңтар оқиғасынан кейін алты айдан соң хат жазылған. Әкімдік "Қаңтар оқиғасының салдарынан болған залалдарды өтеуге" деп бір хат жазып, 36 миллиард сома алды", - дейді қызметкер Айгүл Орынбекке берген сұхбатында.
Оның сөзінше, jk қаржы экс-әкім Өмірзақ Шөкеевтің қаулысымен Білім басқармасына берілген.
"Ал бюджет кодексіне сәйкес, төтенше жағдай үшін ақша бөлінсе, ол қаржы тек сол мақсатта жұмсалуы керек. Антикор, құзырлы органдар осыны көре тұра үндемей отырғанымен қоймай, Түркістан облысының прокуратурасы мен берген құжаттың бәрін жоғалтып алған. Құжаттардың түпнұсқасы менде бар", - дейді қызметкер.
"Сонда қазіргі таңда өңірде білім басқармасында бухгалтерлер арқылы желініп жатқан миллиардтар солар ғой. Неге бухгалтерлер ақшаны жеп кетті десек..", - дейді Айгүл Орынбек.