Қостанайда субсидия жымқыру ісі бойынша үкім шықты

Самал Асқар 07 сәу. 2026 19:00

Аса ірі көлемде субсидия жымқыру ісі бойынша 30 адам, оның ішінде шенеуніктер мен кәсіпкерлер түрлі мерзімге сотталды, деп хабарлайды Dala News.
 
«Қостанай қаласының №2 сотында 30 айыпталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды. Олардың қатарында “BEEFSTREAM” және “BEEF EXPORT GROUP” ЖШС директоры П., аталған серіктестіктердің қызметкерлері, басқа ЖШС директорлары, шаруа қожалықтарының басшылары, жеке кәсіпкер, ветеринар дәрігерлер және облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкерлері бар. Сот жаза тағайындау кезінде көпшілігінде кәмелетке толмаған балаларының болуы, кінәсін мойындауы және шынайы өкінуі сияқты жеңілдететін мән-жайларды ескерді. Азаматтық талаптар қанағаттандырылды. Тәркіленген мүлік бойынша тыйым сақталды. 1,3 млн АҚШ доллары, төрт мыңнан астам еуро және 600 млн теңгеден астам қаражат мемлекет кірісіне тәркіленді», – деп хабарлады Қостанай қаласының №2 соты.
 
Сот дерегінше, 2021 жылдың желтоқсанынан 2023 жылдың маусымына дейін айыпталушылар мал шаруашылығы мен ет өңдеу саласына бөлінген 2,5 млрд теңгеден астам мемлекеттік субсидияны жымқыру схемасын ұйымдастырған.
 
Сот үкімімен:
•“BEEFSTREAM” және “BEEF EXPORT GROUP” ЖШС директоры П. – 14 жылға
•ЖШС директоры Р. – 10 жылға
•бухгалтер Д. – 9 жылға
•өзін-өзі жұмыспен қамтыған П. – 9 жылға
•ЖШС директоры С. – 10 жылға
•ветеринариялық станция қызметкері С. – 8 жылға
•директордың орынбасары Г. – 7 жылға
•қызметкер А. – алты жылға
•шаруа қожалығының басшысы Б. – 5 жылға
•шаруа қожалығының басшысы А. – 10 жылға
•ветеринар дәрігер С. – 5 жылға
•шаруа қожалығының басшысы С. – 5 жылға
•шаруа қожалығының басшысы К. – 6 жылға
•басқарма қызметкері Д. – 5 жыл 6 айға
•жұмысшы К. – үш жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айырылды.
 
Сонымен қатар, бірқатар айыпталушыға рақымшылыққа байланысты жаза бір жылдан төрт жылға дейін шартты түрде қысқартылды, кейбірі негізгі жазадан босатылған.
 
Басқарма маманы Е.-ге пара алу бабы бойынша 3 жыл 6 ай жаза тағайындалып, ол 5 жылға кейінге шегерілді.
 
Сондай-ақ ветеринар дәрігер Ф. кінәлі деп танылғанымен, оның қайтыс болуына байланысты іс тоқтатылды.
 
Сот мәліметінше, айыпталушылардың әрекеттері салықтан жалтару, ұйымдасқан топ құру, бюджет қаражатын жымқыру, заңсыз кәсіпкерлік, пара алу және беру, қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру және басқа да баптар бойынша сараланған.
 
Прокурор соттан екі жылдан 13 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраған.
 
Үкім заңды күшіне енген жоқ.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove