Атырауда 6,4 млрд теңге жымқыру ісі: сот процесі үшінші әрекеттен кейін ғана басталды деп хабарлайды Dalanews.kz журналист Михаил Козачковқа сілтеме жасап.
Іс бойынша басты айыпталушы – Берік Салпек. Ол КазТрансОйл ұлттық компаниясының топ-менеджері болған және елдің батыс өңірлері үшін аса маңызды магистральды су құбырын салу кезінде қаржының жоғалуына қатысы бар деп күдікке ілінген.
Жоба мәні неде?
Тергеу мәліметінше, сөз болып отырған жоба – Ресей аумағынан Қазақстанға тұщы су жеткізетін стратегиялық инфрақұрылым. Астрахань мен Маңғышлақты жалғайтын жасанды арна арқылы елімізге тапшы ауызсу жеткізіледі.
Соңғы жылдары бұл жүйенің өткізу қабілеті төмендеп кеткен. Осыған байланысты КазТрансОйл компаниясына арнаны жөндеу тапсырылған.
Жобаны жүзеге асыру Магистральный водовод ЖШС-не жүктелген. Компания басшыларының бірі ретінде Берік Салпек те қатысқан.
17 млрд теңгелік жоба және күмәнді шығындар
Тергеу дерегіне сәйкес, аталған компания алдымен жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлетіп, кейін мердігер ретінде АСК Құрылыс-Компаниясы ЖШС-ін таңдаған.
Жобаның жалпы құны 17 миллиард теңгеден асқан.
Алайда тексеріс барысында бірнеше заңбұзушылық анықталған:
• Құбырлардың құны құжатта көрсетілгеннен әлдеқайда төмен бағаға сатып алынған
• Жұмыстың бір бөлігі мүлде орындалмаған
• Кейбір қаражат жалған келісімшарттар арқылы шығарылған
Осының нәтижесінде келтірілген шығын көлемі 6 477 741 628 теңге болған.
Қосымша күмәнді төлемдер
Тергеу барысында тағы бірқатар күмәнді деректер белгілі болған:
• АСК Құрылыс-Компаниясы шоттарынан Берик Салпектің әуе сапарлары төленген
• Жобаға қатысы жоқ адамға 11 миллион теңге аударылған
Тергеу нұсқасы бойынша, бұл төлемдер Салпектің өтінішімен жасалуы мүмкін.
Қызметтік өсу және күдік
Жоба аяқталғаннан кейін Берік Салпек КазТрансОйл компаниясында коммерция жөніндегі басқарушы директор қызметіне дейін көтерілген.
Алайда 2024 жылдың соңында ол алаяқтық фактісі бойынша күдікті деп танылды. Іс бойынша тағы төрт адам жауапқа тартылған.
Соттағы «сергелдең»
2025 жылдың көктемінде іс алдымен Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотқа түскен.
Адвокаттар істі Атырау облысына жіберуді сұрап, сот бұл өтінішті қанағаттандырған.
Кейін Атыраудағы сотта керісінше – істі қайтадан Астанаға қайтару туралы өтініш түскен. Сонымен қатар істі прокурорға қайтару талап етілген.
Нәтижесінде іс қайта қаралып, жаңа айыптау актісі жасалып, қайтадан Атырау қалалық №2 сотына жолданған.
Тек үшінші әрекеттен кейін, судья Нуртас Болекбаев төрағалығымен негізгі сот процесі басталды. Адвокаттардың істі қайтадан прокурорға қайтару туралы өтініші бұл жолы қанағаттандырылған жоқ.
Процесс баяу жүріп жатыр
Сот отырыстары баяу өтуде. Себебі куәгерлердің барлығы бірдей сотқа келуге асықпай отыр.
Бұлтартпау шарасы
Ең назар аударарлығы – айыпталушыларға қатаң бұлтартпау шарасы қолданылмаған.
Берік Салпек те, басқа фигуранттар да:
• тергеу изоляторына қамалмаған
• үйқамаққа алынбаған
Оларға тек «ешқайда кетпеу және өзін дұрыс ұстау туралы қолхат» түріндегі шектеу қойылған.
Журналист Михаил Козачковтың айтуынша, миллиардтаған шығын келтірілген істерде мұндай жеңіл шара қолданылуы қоғамда сұрақ тудырады.
Өйткені блогерлер мен журналистерге қатысты істерде көбіне қатаң шаралар бірден қолданылады.
Автор әділдік баршаға бірдей болуы тиіс екенін атап өтті. Істің қалай аяқталатынын алдағы уақытта хабарлауға уәде берді.
