Қазбек Құсайынов "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды

Кәмшат Тілеухан 21 сәу. 2025 09:55 210

Қазбек Құсайынов "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды. "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ (ҚМГ) ұйымдық құрылымының өзгеруіне, "ҚМГ Инжиниринг" ЖШС құзыреттер орталығы қызметінің кеңеюіне байланысты кейбір блоктардың функциялары қайта қаралды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Атап айтқанда, корпоративтік дамуға жауапты блок күшейтілді, ал газ жобаларын басқару бағыты мұнай және газ өндіру блогына қайта берілді.

Ұлттық компания баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазбек Қайнарбекұлы Құсайынов ҚМГ-ның стратегиялық және корпоративтік дамуына, тұрақты даму мен ESG, жобаларды басқару тиімділігін арттыруға, сондай-ақ декарбонизация және экология мәселелеріне жетекшілік ететін болады.

Құсайынов еңбек жолын 2000 жылы "ҚазТрансОйл" АҚ-да әкімшілік департаментінің маманы болып бастады. Әр жылдары "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ активтерді басқару департаментінің бас маманы, "ҚазТрансГаз" АҚ-да басшылық қызметтерді атқарды. "M&SE" ЖШС бас директорының орынбасары болып жұмыс істеді. 2023 жылдың тамыз айынан бастап "ҚазТрансОйл" АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі — тәуелсіз директоры болды.

Қазбек Құсайынов компаниядан өз еркімен кеткен "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Серікқали Брекешевтің орнына келді.

Бұған дейін сайтымызда "ҚазМұнайГаз" отандық зауыттағы ірі үлесін неге ресейлік компанияға сатты" деген мақала жарияланған болатын. Сондай-ақ сайтымыздан "Қазақстан мұнай өнімдері ұрлығынан қанша шығынға ұшырауда" деген материалмен де таныса аласыздар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар