Абу-Даби қаласында (БАӘ) "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ компаниялар тобына кіретін "Қазақтеңізкөлікфлоты" ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы мен AD Ports Group арасында негізгі талаптар туралы келісімге қол қойылды. Құжат Каспий өңірінде серіктестікті нығайтуға және бизнесті кеңейтуге бағытталған, деп жазады Dalanews.kz.
"Тараптар Каспий теңізінде жұмыс істеуге арналған, сыйымдылығы 500 ЖФЭ-ден (жиырма футтық эквивалент) асатын екі заманауи контейнерлік кемені салуға келісті. Жаңа аз шөгінді кемелер Транскаспий бағытының айналымы мен өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді", делінген ҚМГ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сонымен қатар компаниялар Каспий теңізі арқылы өтетін интермодальды паром желісін дамыту жоспарын растады. Жоба сыйымдылығы жоғары паромдар салуды және заманауи терминал инфрақұрылымын құруды көздейді, бұл өз кезегінде отандық экспорттаушылар мен Орта дәліз қатысушылары үшін транзит уақытын едәуір қысқартады.
Стратегиялық серіктестік көлік инфрақұрылымын дамытуға және Қазақстанның халықаралық логистикадағы бәсекеге қабілетін арттыруға бағытталғаны да нақтыланады.
Айта кетсек, 2025 жылы 15 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Abu Dhabi Ports Group бас директоры Мұхаммед Әл-Шамисимен кездесті. Президент Abu Dhabi Ports компаниясының бірқатар ірі нысан құрылысына қатысты жоспарына қолдау көрсетіп, бұл бастамалар Қазақстанның Каспий теңізіндегі айлақ және теңіз инфрақұрылымын дамыту жөніндегі стратегиялық мүддесіне сай келетінін атап өтті.