Дубайда дүние-мүліктері бар қазақстандық шенеуніктерге қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Бұл туралы кулуар қабырғасында ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев мәлім етті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Massaget.kz-ке сілтеп.
Журналистер шенеуніктердің Дубайда мүліктері бар екендігі жөніндегі ақпараттар бойынша қандай шаралар қабылданатынын сұрады. Ғалымжан Қойгелдиев бұл мәселенің ведомство бақылауында екенін атап өтті.
«Бірқатар шенеуніктердің заңсыз мүлік жинақтауы мен шетелде жасырынып жүрген тұлғаларға қатысты тергеу амалдары Эмиратпен бірлесіп жүргізілуде. Мұндай тергеулер ұзақ уақытты талап етеді, кейбір процестер бір жылдан астам уақытқа созылуы мүмкін», – деді ол.
Қойгелдиевтің айтуынша, бұл іс бойынша салық қызметі, қаржы мониторингі агенттігі және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірлесіп жұмыс істейді.
«Біз бақылауды күшейтіп отырмыз, бірақ толық мәліметтерді жария етуге құқығым жоқ», – деп атап өтті Бас прокурордың орынбасары.
Бұған дейін Дубайда мәжілістің экс-төрағасы Нұрлан Нығматулиннің әйелі Венера Баймұрзаеваның атына тіркелген 50 шақты жылжымайтын мүлік анықталғанын жазған едік.
Тізім басында 860 шаршы метрлік үй. Living Legends деп аталатын коттедж қалашығындағы мүліктің құны шамамен 670 миллион теңге.
Fairooz деп аталатын ғимаратта Венера Баймұрзаеваның атына аумағы 500 шаршы метр апартамент тіркелген. Оның нарықтағы құны шамамен 850 миллион теңге.
"Азаттық" деректері бойынша, Венера Баймұрзаева бұдан бөлек премиум санаттағы бірнеше пәтердің иесі. Мысалы ол DM MESK ғимаратында жалпы құны жарты миллиард теңгелік екі пәтер Баймұрзаеваға тиесілі.
Сондай-ақ Royal Oceanic ғимаратында 270 миллион тұратын апартамент, Regal ғимаратында 250 миллион теңгелік пәтердің, Bahar кешенінде 150 миллион теңгелік пәтердің иесі.
Сонымен қатар, Дубайда Венера Баймұрзаеваның құдағиы Мағда Ыдырысовамен бірігіп алған 42 пәтері бар. Олардың бәрі ғимараттың 14-қабатында орналасқан үйлер. Яғни қаладағы бір үй толығымен екеуінің иелігінде.
Сонымен қатар, мұнай саласындағы бай-бағландардың да Дубайда пәтерлері бар екені анықталды.
"Маңғыстау мұнай газ" компанияларына жетекшілік еткен, әрі Маңғыстау облысын басқарған Алик Айдарбаев Palm Jumeirah аралындағы Kempinski сарайынан 165 шаршы метр екі бөлмелі пәтердің иесі. Пәтер бағасы жарнама сайттарында кемі 600 миллион теңге деп тұр.
Азаттық мәліметінше, Айдарбаев бұл пәтерді "Қазмұнайгаз" басшылығынан кеткен кезде, яғни 2022 жылы сатып алған. Ал Алик Айдарбаевтың туған інісі Ержан Айдарбаев Дубайдың орталығынан үш апартамент сатып алған. Олардың жалпы құны 660 миллион теңге.
"Қазтрансгазды" бірнеше жыл басқарған Серік Сұлтанғали Дубайдағы DAMAC Hills вилла қалашығындағы пәтердің иесі. Үйдің аумағы 647 шаршы метр.
Сонымен қатар, Серік Естай есімді қазақстандық әлемдегі ең биік ғимарат Бурж Халифаның жанында орналасқан тұрғын үйден 7 апартамент сатып алыпты. Олардың ең арзаны 150 миллион болса, ең үлкен үйі 450 миллион теңгеге дейін барады.
7 үйдің құны - 1,8 миллиард теңге. Серік Естай "Қазтрансгаз" құрылымдарында басшылық қызмет атқарған.
Palm Jumeirah аралындағы тағы пәтердің иесі - Қазақстан азаматы Пануар Омарова. Аумағы 620 шаршы метр үйдің құны шамамен 3 миллиард теңге.