Алматы облысында Наурыз мейрамына қатысты даулы пікір айтқан блогер ұсталды. Ол желіде жариялаған видеода Қазақстанда Наурызды атап өтпеу керек екенін айтып, "мұсылмандардың мейрамы емес" деген пікір білдірген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ер адамға қатысты діни алауыздықты қоздыру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
"23 наурызда әлеуметтік желілерді тексеру барысында TikTok платформасында жарияланған, Наурыз мерекесіне қатысты діни және этномәдени сипаттағы пікірлер қамтылған видео анықталды. Жедел іс-шаралар нәтижесінде 1991 жылы туған К. анықталып, ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", – деді ведомство өкілі.
Қазір тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Блогер видеосында Наурызды "қазаққа да, мұсылманға да тән емес мейрам" деп сипаттап, оның парсылық (зороастризм) дәстүрден шыққанын айтқан еді. Сондай-ақ, ол Ораза айт пен Құрбан айт мерекелерін ғана құптайтынын жеткізген. Бұл мәлімдеме қоғамда қызу талқыға түсті.
