Қазақстанның тарихи мұрасы мен туристік әлеуетін қалай тиімді пайдалану керек? Тарихи ескерткіштерді сақтай отырып, оларды заманауи форматта насихаттаудың қандай жолдары бар? Турблогер, гид Амандық Әмірхамзин тарихи нысандардың бүгінгі жай-күйі, шетелдік туристердің қызығушылығы, креативті индустрияның мүмкіндіктері және ұлттық мәдениетті әлемге таныту мәселелері туралы ой бөлісті, деп хабарлайды dalanews.kz.

– Тарихи мұраны сақтау мен оны заманауи форматта насихаттау арасында тепе-теңдікті қалай сақтауға болады?
– Бұл мәселеде ең алдымен тарихи нысандарды зерттеу, қорғау және оларды қоғамға дұрыс таныстыру маңызды. Мысалы, Қостанай облысындағы Рудный қаласының іргесінде орналасқан Алексеев қонысы туралы көпшілік біле бермейді. Бұл – біздің заманымызға дейінгі үшінші мыңжылдыққа жататын бірегей археологиялық кешен.
Кешен құрамына қоныс орны, жерлеу орындары және құрбандық шалу төбешігі кіреді. Археологиялық зерттеулер барысында мұнда қыш ыдыстар, қола бұйымдар, әшекейлер табылған. Сонымен қатар тұрғындардың металл өңдеу мен қыш жасау технологияларын жақсы меңгергені дәлелденген.
Өкінішке қарай, осындай маңызды тарихи нысандардың барлығы бірдей тиісті деңгейде қорғалып, туристік айналымға енгізіліп отырған жоқ. Егер мұндай орындарды кешенді түрде зерттеп, сақтап, инфрақұрылымын дамытсақ, олар өңірдің ғана емес, тұтас елдің туристік брендіне айналар еді.
Берел, Ботай, Бозоқ сияқты нысандар осы бағыттағы жақсы тәжірибелердің қатарында. Сондықтан тарихи мұраны сақтау мен оны заманауи форматта таныстыру бір-біріне қайшы келмейді. Керісінше, дұрыс ұйымдастырылған жағдайда олар өзара толықтырып тұрады.
– Қазақстанның тарихи орындары халықаралық туристер үшін қаншалықты тартымды? Бұл бағытта не жетіспейді?
– Бүгінде әлем туристерінің қызығушылығы өзгеріп келеді. Көпшілік заманауи ғимараттардан гөрі ерекше тарихы бар орындарды көргісі келеді. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның мүмкіндігі өте жоғары.
Шетелдіктер үшін Қазақстан ғана емес, жалпы Орталық Азия қызықты өңір саналады. Біздің мәдениетіміз, дәстүріміз, халқымыздың келбеті, тұрмыс-салты олардың назарын аударады.
Әдетте тарихи туризм туралы айтқанда Түркістан, Тараз, Шымкент еске түседі. Бірақ бұлармен ғана шектелуге болмайды. Орталық Қазақстандағы көне ескерткіштер, Торғай өңіріндегі геоглифтер, Отырар мен Сығанақ секілді тарихи қалалар да үлкен қызығушылық тудыруы мүмкін.
Мәселе көбіне оларды дұрыс таныстырып, халықаралық аудиторияға сапалы ұсынуда болып отыр. Сонымен бірге тарихи орындарды жаңғырту кезінде олардың бастапқы келбеті мен тарихи құндылығын сақтауға ерекше мән беру қажет. Турист тартамыз деп, тарихи ортаның өзіндік ерекшелігін жоғалтып алмауымыз керек.
– Креативті индустрия ұлттық мәдениетті әлемге танытуға қалай ықпал ете алады?
– Креативті индустрияның мүмкіндігі өте үлкен. Мысалы, халықаралық кино жобалары Қазақстан аумағында түсірілсе, бұл еліміздің табиғаты мен мәдениетін әлемге танытудың тиімді жолына айналады.
Жақында шетелдік киногерлердің Қазақстанның бірнеше өңірінде түсірілім жүргізетіні белгілі болды. Мұндай жобалар арқылы миллиондаған көрермен еліміз туралы ақпарат алады.
Әлеуметтік желілердің де рөлі зор. Бүгінде блогерлер мен контент жасаушылар Қазақстанды шынайы түрде таныстырып жүр. Кей жағдайда олардың аудиториясы дәстүрлі жарнамалық науқандардан да ауқымды болады.
Анимация саласында да үлкен мүмкіндік бар. Қазақтың киіз үйі, ұлттық тұрмыс-тіршілігі, фольклоры мен тарихи кейіпкерлері халықаралық жобаларда көрініс тауып жатса, бұл шетелдік аудиторияның қызығушылығын арттыра түседі.
Қазіргі таңда әлем Қазақстанның табиғатына, ауыл өміріне, дәстүрлеріне қызығушылық танытып отыр. Ең бастысы – оны табиғи әрі шынайы түрде көрсете білу.
– Туризмді дамытуда ұлттық ерекшелікті қалай сақтаған жөн?
– Біздің ұлттық мәдениетіміздің басты артықшылығы – оның бірегейлігі. Сондықтан туристерге ең алдымен осы ерекшелігімізді көрсетуіміз керек.
Қазақ халқының қонақжайлығы бүкіл әлемге белгілі. Бірақ қазіргі туризм жағдайында ұлттық құндылықтарды заманауи сервиспен ұштастыру маңызды. Турист қазақ мәдениетін көруге, ұлттық тағамнан дәм татуға, дәстүрлермен танысуға дайын келеді. Сондықтан мәдени мұраны туристік өнімге айналдырудың тиімді жолдарын қарастырған жөн.
– Тарихи мұра мен креативті жобаларды қолдау елдің мәдени имиджіне қандай әсер етеді?
– Мұндай жобалар Қазақстанның халықаралық деңгейдегі мәдени келбетін қалыптастыруға ықпал етеді. Соңғы жылдары өңірлердің мәдени және креативті әлеуетін таныстыруға бағытталған түрлі бастамалар жүзеге асырылып келеді. Бұл – құптарлық үрдіс.
Сонымен қатар әрбір жоба ұлттық ерекшелікті барынша көрсетуі тиіс деп ойлаймын. Фестивальдерде, көрмелерде немесе туристік іс-шараларда қазақ мәдениетінің мазмұны мен рухы анық сезіліп тұрғаны маңызды.
Кейде ұсақ көрінетін дүниелердің өзі үлкен әсер қалдырады. Мысалы, туристік жобалардың атаулары, жарнамалық өнімдер, ақпараттық ресурстар ұлттық болмысты айқындап тұрғаны жөн. Өйткені елдің мәдени имиджі дәл осындай детальдардан қалыптасады.
Жалпы, тарихи мұра, туризм және креативті индустрия бір-бірімен тығыз байланысты. Осы үш бағытты үйлестіре отырып дамыта алсақ, Қазақстанның әлемдегі танымалдығы артып қана қоймай, ұлттық құндылықтарымызды сақтауға да мүмкіндік туады.