Қазақстанның азаттығын армандаған қазақ сарбазы: 15 жыл бойы құпия сақталған оқиға туралы не белгілі?

Қазақстанның азаттығын армандаған қазақ сарбазы: 15 жыл бойы құпия сақталған оқиға туралы не белгілі?

1981 жылдың желтоқсанында КСРО-ның тас-қамал идеологиясын шайқалтқан төтенше оқиға болды. Шағын Сарапул қаласында екі сарбаз мектепке баса-көктеп кіріп, 26 оқушыны кепілге алады. Кеңес өкіметі алғаш рет өз мектебінде балалардың өмірі саяси саудаға түскенін көреді. Елді дүрліктірген бұл бүліктің басында АҚШ-қа қашып, сол жақтан Қазақстанның азаттығын талап еткісі келген 21 жастағы қазақ сарбазы Ахметжан Қалпақбаев пен оның серігі тұр еді.  Dalanews.kz редакциясы көпке беймәлім қазақ сарбазының тәуелсіздік туралы батыл ойын және Сарапулдағы оқиғаның қалай аяқталғанын баяндауды жөн көрді.

Тәуелсіздікті армандаған қазақ жігіті

Ахметжан Қалпақбаев Түрікменстанда туып-өскен. Ұлты қазақ. Кеңестік жүйенің отаршыл саясатына іштей қарсылық білдірген ол жастайынан ерекше зеректігімен көзге түскен. Тіпті жасырын түрде өз қолымен радиоқабылдағыш құрастырып, “Америка дауысы” секілді шетелдік толқындарды үзбей тыңдаған.

Оның бар ойы АҚШ-қа жету болатын. Оқиға туралы жарияланған деректерге көз жүгіртсек, Ахметжан мұхиттың арғы бетіне барып, радиостанциялардан Қазақстанның бостандығы туралы сөз сөйлеуді армандаған. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен бес жыл бұрын, кеңестік репрессивті жүйенің қаһары қайтпай тұрған шақта Ахметжан Қалпақбаев Қазақстанның өз алдына дербес ел бола алатынына сенім артқан. 

“Қазақстанның өз ауыл шаруашылығы, өз өндірісі мен байлығы бар. Еліміз ешкімге жаутаңдамай, тәуелсіз өмір сүре алады”, - деген сенім 21 жастағы қазақ жігітінің бойында сол жылдары берік қалыптасқан еді. 

Алайда оның мақсатына жету үшін таңдаған жолы жазықсыз адамдардың өміріне қатер төндірді. Басқа жолы жоқ та еді.

Әскери қызметте ол Александр Мельниковпен жақын араласқан. Мельников те Кеңес Одағынан кеткісі келген. Екеуі шетелге шығудың амалын іздеп, кепілге адам алуды ұйғарады. Сөйтіп әскерден қалаға шыққан сайын қай жерге баруға болатынына зер салып жүреді. Ақыры екеуі әскери бөлімге жақын мектепті таңдайды. 

Жоғалған миналар және мектепке кірген екі сарбаз

1981 жылдың желтоқсан айының ортасында Сарапулдағы әскери қоймадан бірнеше танкіге қарсы мина жоғалады. Бұл хабар шағын қалаға лезде тарайды. Миналарды әскери бөлім аумағына кірген балалар алған болуы мүмкін деген болжам да айтылады. Кейін оларды жетінші сынып оқушылары алып кеткені белгілі болады.

Қалпақбаев пен Мельников осы жағдайды сылтау етіп, 17 желтоқсанда әскери бөлімнен автомат, пышақ және 120 оқ алып қашады. Содан соң Сарапулдағы №12 мектепке келіп, жоғалған миналар жөнінде оқушылармен сөйлескісі келетіндерін жеткізеді. Қаладағы оқиғадан хабардар директор мен кезекші мұғалім олардың сөзіне күмән келтірмейді.

Сарбаздар әуелде бөлім командирінің баласы оқитын 10 “А” сыныбына баруды көздеген. Командир ұлын аман алып қалу үшін талаптарын орындауға тырысады деп ойлаған. Бірақ сол күні бұл сыныптың оқушылары ерте тараған екен. Екеуі мектеп ішін аралап, биология сабағы өтіп жатқан 10 “В” сыныбына тоқтайды.

Мұғалім Людмила Верховцева сарбаздардан сабақ аяқталғанша күтуін сұрайды. Қоңырау соғылған соң олар кабинетке қайта кіріп, есікті іштен құлыптайды. Алайда сыныптағы 26 оқушы өздерінің қамалғанын бірден түсіне қоймайды. 

Кабинетте айтылған “тәуелсіздік” туралы ой

16 сағатқа созылған оқиға барысында Ахметжан Қалпақбаев өзін қайсар әрі байсалды ұстаған. Ол оқушылармен еркін сөйлесіп, АҚШ-қа бару жоспарын Қазақстанның тәуелсіздігін алу туралы ойымен байланыстырған. Яғни, мұхит асып, сол жақтан Қазақстанның бостандығы туралы үн қатқысы келген. Мектеп радиосы арқылы жерлестері мен қызметтестері оған қазақ тілінде үндеу тастап, берілуін өтінгенімен, ол өз ұстанымынан таймайды.

Осылайша Қалпақбаев пен Мельников мектеп директорына хат жолдайды. Олар АҚШ-қа немесе Батыстың басқа еліне кедергісіз кетуді талап етеді. Жолға шыққанға дейін өз қауіпсіздігіне Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті жауап беруге тиіс екенін жазады.

Хатты алған директор мен әскери дайындық пәнінің мұғалімі кабинет есігін қағады. Сарбаздардың “Аулақ тұрыңдар!” деген айқайы үзілістегі шудан естілмейді. Сонда Қалпақбаев төбеге қарай екі рет оқ атады. Куәгерлердің еске алуынша, тар бөлмедегі оқ дауысы құлақ тұндырып, кейбір оқушы партаның астына тығылған.

Мектеп сыртындағы жағдай

Оқушылардың кепілге алынғаны белгілі болған соң, мектептегі басқа балалар сыртқа шығарылып, ғимарат қоршауға алынады. Қоршау сыртында жиналған ата-аналар іште қалған балаларының аман шығуын күтеді.

Біраз уақыттан кейін қарулы сарбаздар оқушыларды дәретханаға кезекпен жіберген. Әрқайсысы екі минут ішінде кабинетке қайтып келуге тиіс еді. Дәлізге шыққан балалар сол арада қауіпсіздік қызметкерлеріне сыныпта не болып жатқанын айтып үлгереді. Сынып жетекшісі Тамара Купцованың естелігінше, оқушылардың халдерін сұрағанда, оқушылар “Жақсымыз, уайымдамаңыз” деп жауап берген.

Бірнеше сағатқа созылған келіссөз

Кепілдегі балаларды босату үшін қауіпсіздік қызметінің капитаны Владимир Орехов сарбаздармен сөйлесуге кірген. Кейінгі естелігінде ол кабинетке енген сәтте Қалпақбаев автоматын ішіне, ал Мельников арқасына кезегенін айтқан.

Сарбаздар әуежайға апаратын көлік пен АҚШ-қа ұшатын ұшақ талап еткен. Балаларды да бірге алып кетпек болған. Орехов қарумен және кепілдегі адамдармен АҚШ-қа барса, ол жақта да тұтқындалатынын түсіндірген. Шетелге шығу үшін алдымен құжат рәсімдеу қажет екенін айтып, сауалнама толтыруды ұсынған. Екеуі келіскен. Осы әңгіме арқылы Орехов арнайы жасақ келгенше уақыт ұтқан.

Түн ішінде қыздар босатылып, кабинетте сегіз ұл қалған. Таңға жуық оқушы Альберт Хакимов дәретханаға шыққанда дәліздегі арнайы жасақты көрген. Ол қызметкерлерге сынып ішінде сарбаздар мен балалардың қай жерде отырғанын айтып берген. Қайтып кірген соң, сыныптастарын терезеден алысырақ отырғызып, жандарына сөмкелерін жинаған.

Таңғы сағат бестер шамасында Орехов кабинетке қайта кірген. Ол құжаттардың дайын екенін, әуежайға апаратын көліктің күтіп тұрғанын айтып, сарбаздарды балаларды босатуға көндірген. Олардың орнына өзі қалуға келіскен. Сөйтіп, оқушылар бірінің артынан бірі кабинеттен аман шыққан.

Балалар босатылғаннан кейін Орехов құжаттарды әкелетінін айтып, айламен сыртқа шыққан. Кабинетте екі сарбаз ғана қалғанда “Альфа” жасағы ішке кіріп, екеуін ұстайды.

Жылдар бойы айтылмаған құпия

Осыйша екі сарбаз қамауға алынады. Свердлов әскери сотының үкімімен Ахметжан Қалпақбаев 13 жылға, Александр Мельников 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Мәскеу бұл оқиғаны барынша құпия ұстап, оқушылар мен мұғалімдерден 15 жыл бойы сыртқа тіс жармау туралы қолхат алған. Сол себепті Сарапулдағы оқиғаның жай-жапсары көпшілікке арада жылдар өткен соң ғана белгілі болды. 

Ресейлік басылымдар Ахметжан туралы не жазды?

Сарапул оқиғасы туралы ресейлік жарияланымдарда Ахметжан Қалпақбаев көбіне қарулы қылмыс жасаған қатыгез сарбаз ретінде сипатталады. Diletant басылымы оның Америкаға кетуді армандағанына назар аударған. Proza.ru сайтындағы очеркте де оның қымбат көлік пен сәнді киім туралы айтқаны сөз болған. Бірақ Қалпақбаевтың Қазақстанның азаттығы жөніндегі ойы қамтылмаған. 

Ал шындығында қазақ сарбазының АҚШ-қа жету ниетінің саяси мақсаты болды. Ол Қазақстанның бостандығы үшін күресуді көздеп, елінің тәуелсіздігіне қатысты үн қатқысы келді.

Бұл оқиға Желтоқсан көтерілісінен бес жыл бұрын Қазақстанның тәуелсіздігін аңсаған қазақ сарбазының есімін тарихта қалдырды.