2025 жылдың үшінші тоқсанында Қытай Қазақстанға тікелей инвестиция тарту бойынша алдыңғы орынға шықты. Осыған байланысты ел экономикасы тек қытайлық инвесторларға тәуелді деген пікірлер айтыла бастады. Алайда қаржыгер, Qazaq Expert Club сарапшысы Венера Жаналина бұл тұжырыммен келіспейді. Оның айтуынша, қысқамерзімді динамика елдің стратегиялық инвестициялық құрылымын толық сипаттай алмайды. Бұл туралы ол Dalanews.kz редакциясына берген сұхбатында мәлімдеді.
Жаналинаның пікірінше, қазіргі жаһандық жағдайда инвестиция тарту тек салықтық немесе әкімшілік жеңілдіктермен шектелмейді. Инвесторлар үшін ең маңыздысы – бизнес жүргізу ережелерінің тұрақтылығы мен ұзақмерзімді сенім.
“Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ұзақмерзімді инвесторлар ең алдымен салықтық артықшылықтарды емес, жобаның бүкіл кезеңінде шарттардың өзгермейтініне кепілдік беретін "сенімді" сатып алады. Бұл тұрғыда Сингапур мен Біріккен Араб Әмірліктері үлгі бола алады. Бірі заң үстемдігі мен құқықтық тұрақтылыққа, екіншісі ұзақмерзімді резиденттік пен инвесторлар үшін қорғалған келісімдерге сүйенген”, - дейді ол.
Сарапшы инвестициялық климатты жақсарту үшін ең алдымен құқықтық айқындық қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, инвестор үшін салық мөлшерлемесінен гөрі рәсімдердің түсінікті болуы және меншік құқығының нақты қорғалуы маңызды.
“Заңнаманың жиі өзгеруі мен екіұшты реттеу инвестор үшін тәуекелді арттырып, капитал құнын қымбаттатады. Нидерланды мен Сингапурде рұқсат беру және сот жүйелерінің жоғары деңгейде болжамды жұмыс істеуі осының эталоны ретінде жиі аталады. Ал заңнаманың жиі өзгеруі, келісу рәсімдерінің созылуы мен регуляторлық түсіндірулердің екіұштылығы капитал құнын арттырып, бірқатар жобаны экономикалық тұрғыдан тиімсіз етеді”, - деп қосты ол.
Сарапшы дамыған елдер тәжірибесіне тоқталып, мемлекет пен жеке сектор арасындағы тәуекелдерді әділ бөлу тетіктерінің маңызын атап өтті. Мәселен, Германияда инвесторлар тәуекелі кредиттік және кепілдік құралдар арқылы азайтылса, Канада мен Австралияда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік пен жобалық қаржыландыру кеңінен қолданылады.
Сонымен қатар сарапшы мемлекеттің бақылаушы емес, бизнеске қызмет көрсететін серіктеске айналуы қажет екенін айтты.
“Оңтүстік Корея мен Дубайда “бір терезе” қағидаты мен ірі инвесторларға жеке менеджерлер бекіту транзакциялық шығындарды азайтып, сенімді арттырды. Ал жобалардың ашықтығы мен экологиялық талаптардың алдын ала белгіленуі әлеуметтік тәуекелдерді төмендетеді”, - деді ол.
Қытай инвестицияларына қатысты қоғамдағы алаңдаушылыққа тоқталған Жаналина синофобиялық көңіл күй көбіне ақпараттың жетіспеуінен туындайтынын айтты. Оның пікірінше, қытай капиталының қай салада, қандай форматта жұмыс істеп жатқаны ашық көрсетілмесе, қоғамда қауесет пен қорқыныш күшейе түседі.
"Инвестициялардың нақты әсері – жұмыс орындары, салық түсімі, инфрақұрылым – ашық айтылғанда, пікірталас эмоциядан дерекке көшеді", – деді сарапшы.
2025 жылдың үшінші тоқсанында Қытай Қазақстанға тікелей инвестиция тарту бойынша алдыңғы орынға шықты. Алайда сарапшы бұл үрдісті қысқамерзімді динамика ретінде бағалады.
“Бұл, негізінен, Қазақстанда жұмыс істеп тұрған қытай компанияларының табысын қайта инвестициялауымен байланысты. Дегенмен жинақталған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі бойынша әлі де Нидерланд, Ресей және АҚШ көш бастап тұр”, - деді ол.
Ал Қытайдың таза инвестициялық ағыны шамамен 1 млрд долларды құрап, көлік, өнеркәсіп және “жасыл” энергетика салаларындағы жобалардың белсенді дамып жатқанын аңғартады.
Сарапшының айтуынша, АҚШ пен Нидерландтан капиталдың уақытша кетуі дивидендтік төлемдермен байланысты, ал Ресей бойынша қалыпты өсім сақталған.
“Сондықтан Қазақстан тек Қытай үшін ғана тартымды деген пікір дұрыс емес. Елдің инвестициялық базасы көпвекторлы болып қала береді. Дегенмен қазіргі қарқын сақталса, Қытай алдағы жылдары жинақталған инвестициялар көлемі бойынша көшбасшылар қатарына шығуы мүмкін”, – деді Венера Жаналина.
Қорытындылай келе, сарапшы инвестициялық ахуалды жақсарту уақытша жеңілдіктерге емес, тұрақты ережелерге негізделуі тиіс екенін айтты.
“Инвесторлар үшін ең маңыздысы – ережелердің өзгермеуі, құқық қолданудың сапасы және адами капитал мен инфрақұрылымның дамуы. Осылар болғанда ғана ұзақмерзімді инвестициялар келеді”, - деді ол.
