Қазақстанда Ресей азаматтарына берілген уақытша тұруға рұқсат құжаттарына қатысты қылмыстық іс тексеріліп жатқаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Dala News.
Ресейлік БАҚ мәліметінше, Қазақстанда жалған уақытша тұруға рұқсат (РВП) құжаттарына байланысты іс қозғалған. Бұл істі Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) тергеп жатқаны айтылуда.
Ақпаратқа сәйкес, іс бойынша әскери жасындағы ондаған Ресей азаматы куәгер ретінде өтіп жатыр. Тергеу 2026 жылдың ақпан айының соңында басталған, ал жауап алу бірнеше адамнан топ-топ болып жүргізіліп жатыр деген мәлімет бар.
Уақытша тұруға рұқсат (РВП) – шетел азаматтарына Қазақстан аумағында бір жылға дейін заңды түрде тұруға мүмкіндік беретін құжат. Оны алу үшін ресми жұмыс орны және тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеу қажет.
Кейбір ресейлік құқық қорғаушылардың болжамынша, тексеру барысында жалған құжаттар анықталған жағдайда бірқатар Ресей азаматтары елден шығарылуы мүмкін.
Алайда қазіргі уақытта Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл мәселеге қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.
