Алматыдағы Burger King-те еңбек заңын бұзу фактілері анықталды

Самал Асқар 10 нау. 2026 20:04

Алматыда Burger King желісіне тиесілі компанияда еңбек заңнамасын бұзу деректері анықталды, деп хабарлайды Dala News.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, тексеру барысында жұмыс берушінің еңбек заңнамасын жүйелі түрде сақтамағаны белгілі болған.

Атап айтқанда, қызметкерлердің жалақысынан олардың келісімінсіз заңсыз ұсталымдар жасалған, еңбекақы уақытында төленбеген, сондай-ақ нақты жұмыс уақыты есепке алынбаған. Бұдан бөлек, мереке және демалыс күндері жұмыс істеген қызметкерлерге жоғары мөлшерде төлем жасалмаған.

Сонымен қатар, жұмыс кестелері қызметкерлерге заңда белгіленген мерзімдерді сақтамай жеткізілген.

Ведомствоның хабарлауынша, жоспардан тыс тексеруді Алматы қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы қызметкер Қаратай Әлібектің арызы негізінде жүргізген. Тексеру барысында арызда көрсетілген деректер расталған.

Инспекция еңбек қауіпсіздігі талаптарының да бұзылғанын анықтады. Компания қызметкерлерді арнайы киіммен және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етпеген, ал кейбір қызметкерлер міндетті қауіпсіздік нұсқаулығынан өтпей жұмысқа жіберілген.

Тексеру нәтижесінде «QSR» ЖШС-не барлық заңбұзушылықтарды жою туралы міндетті нұсқама берілді.

Компанияға қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 87, 93 және 94-баптары бойынша әкімшілік іс қозғалды.

Министрлік бұл мәселе қызметкерлердің еңбек құқықтары толық қалпына келтірілгенге дейін бақылауда болатынын мәлімдеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove