Семейде қоғамдық орында тәртіп бұзған шетелдіктерге елге кіруге шектеу қойылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Желіде Абай даңғылы бойындағы бір мекеме маңында күндізгі уақытта екі шетелдік дәрет сындырып жатқаны көрінетін видео тараған.
Полиция бейнебақылау камералары көмегімен күдіктілерді анықтаған.
"Олар 37 және 43 жастағы шетелдік азаматтар болып шықты. Бұл жайттың видеосы әлеуметтік желілерде оқиға болғаннан кейін бір ай өткен соң жарияланған. Осы уақыт ішінде олар Қазақстан Республикасы аумағынан шығып кеткен. Соған қарамастан олардың әрекетіне құқықтық баға берілді. Полицияның бастамасымен олардың Қазақстан Республикасы аумағына кіруіне бес жыл мерзімге тыйым салу туралы шешім қабылданды", - деді өңір полициясы.
Ішкі істер министрлігі тиісті шаралар қабылдау үшін ақпаратты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне жолдаған.
Еске салайық, бұған дейін Астананың орталығында дәрет сындырған екі қытайлыққа Қазақстанға кіруге тыйым салынды.
