Павлодар облысының тұрғыны мемлекеттік шекарадан заңсыз патрон алып өтпек болғаны үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды Dala News.
Сот мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 21 қаңтарда «Найза» шекаралық бақылау бөлімінде болған. Азамат жеке Chevrolet Niva автокөлігімен мемлекеттік шекараны кесіп өтпек болған.
Көлікті тексеру барысында оның жүксалғышынан 12 калибрлі 4 аңшылық патроны табылған. Тергеу кезінде ер адамның бұл патрондарды ішкі істер органдарында тіркемей заңсыз сақтап, тасымалдағаны анықталған.
Сотта құқық бұзушы кінәсін толық мойындап, патрондарды сақтауға, әкелуге немесе әкетуге қатысты ешқандай рұқсат құжаты жоқ екенін айтқан.
Успен аудандық сотының шешімімен азамат Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 482-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 60 550 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар табылған патрондар тәркіленді.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.
