Бүгін бірнеше өңірде боран соғып, көктайғақ болады

Қаракөз Амантай 11 нау. 2026 07:30

Бүгін Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райы күрт нашарлайды. Синоптиктер елдің солтүстік, шығыс және орталық аймақтарында қар, бұрқасын, көктайғақ, тұман және екпінді жел болатынын ескертті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Қазгидромет" РМК мәліметінше, кей өңірлерде желдің жылдамдығы 30 м/с және одан да жоғары деңгейге жетуі мүмкін.

Павлодар облысының батыс, солтүстік және шығыс бөліктерінде қар жауып, бұрқасын мен тұман күтіледі. Павлодар қаласында түнде қар аралас боран соғуы мүмкін. Жел оңтүстік-батыстан соғып, жылдамдығы 15–20 м/с болады, кей сәттерде 23–28 м/с-қа дейін күшеймек.

Ақмола облысында да желдің күшеюі болжанып отыр. Синоптиктердің дерегінше, желдің жылдамдығы 15–20 м/с болса, кей жерлерде 23–28 м/с-қа дейін күшейіп, жекелеген уақытта 30 м/с-тен асуы мүмкін.

Солтүстік Қазақстан облысында оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы 15–20 м/с болады. Күндіз оның екпіні 23–28 м/с-қа дейін күшейіп, кей уақытта 30 м/с-тен асуы мүмкін. Осындай жағдай Петропавл қаласында да күтіледі.

Түркістан облысының таулы аймақтарында қатты қар жауып, көктайғақ пен жаяу бұрқасын болуы ықтимал. Сонымен қатар облыстың бірқатар бөлігінде тұман түсуі мүмкін. Жел солтүстік-шығыстан соғып, кей жерлерде 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.

Қостанай облысында қар мен бұрқасын болжанып отыр. Желдің жылдамдығы 15–20 м/с болып, кей кезде 23–28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Кей жерлерде тұман да түсуі ықтимал.

Қарағанды, Ұлытау және Ақтөбе облыстарында да қар жауып, жаяу бұрқасын мен тұман болуы мүмкін. Бұл өңірлерде желдің жылдамдығы 15–20 м/с болса, кей аумақтарда 23–28 м/с-қа дейін күшейеді.

Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында қар, бұрқасын және көктайғақ күтіледі. Түнгі уақытта кей өңірлерде қалың қар жаууы мүмкін. Желдің екпіні 23–28 м/с-қа дейін жетеді.

Жетісу облысында түнде қар жауып, жаяу бұрқасын соғуы ықтимал. Таулы аймақтарда кей уақытта қар қалың жауып, тұман мен көктайғақ болуы мүмкін. Алакөл маңында желдің жылдамдығы 23–28 м/с-қа дейін күшейеді.

Атырау облысының батысы мен оңтүстігінде тұман түседі. Жел оңтүстік және оңтүстік-батыс бағыттан соғып, кей аумақтарда 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.

Маңғыстау облысында да жел күшейеді. Ақтау қаласында, сондай-ақ өңірдің батысы мен орталық бөлігінде желдің екпіні 15–18 м/с болуы мүмкін.

Қызылорда облысында батыстан соққан жел оңтүстік бағытқа ауысып, күндіз облыстың солтүстік бөлігінде 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.

Батыс Қазақстан облысының бірқатар аймағында қар жауып, жаяу бұрқасын мен көктайғақ болуы ықтимал. Жел солтүстік-батыстан соғып, екпіні 15–20 м/с болады.

Синоптиктердің болжамынша, елорда Астанада да кей уақытта қар жауып, бұрқасын болуы мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove