Жабық трассада тағы жаппай апат: бес көлік соқтығысты

Самал Асқар 10 нау. 2026 20:51

"Астана – Қарағанды – Алматы" тасжолында бес көлік қатысқан жол апаты болды, деп хабарлайды Dala News.

Жол қызметтерінің мәліметінше, оқиға 10 наурыз күні шамамен сағат 15:00-де республикалық маңызы бар «Астана – Қарағанды (айналма жолымен) – Алматы» автожолының 250-шақырымында, Қарағанды – Ақсу-Аюлы учаскесінде, Атамекен ауылы маңында тіркелген.

«Аталған учаскеде бес көлік қатысқан жол-көлік оқиғасы болды», – делінген хабарламада.

Алдын ала ақпарат бойынша, зардап шеккендер жоқ.

Алайда бұл жол бөлігінде бұған дейін боран, қатты жел және көріну қашықтығының төмендеуіне байланысты барлық көлік түріне қозғалысқа шектеу енгізілгені белгілі болды.

Соған қарамастан, жүргізушілер жабық жолға шығып кеткен.

Оқиға орнына барған мамандар кейбір көліктердің мемлекеттік нөмірлері жоқ екенін, ал жүргізушілердің оқиға орнында болмағанын анықтаған.

Қазір апат болған учаскеде 15 арнайы техника жұмыс істеп, жолды тазалау және қозғалысты қауіпсіз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жол қызметтері жүргізушілерді ауа райы қолайсыз кезде жабық жолдарға шықпауға және жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove