Әлемдік аренада еліміздің атын асқақтатып жүрген “Samruq” робототехника командасы АҚШ-та өтетін VEX Robotics World Championship 2026 әлем чемпионатына жолдама алды. Алайда талайды шаң қаптырған өрендеріміздің мұхит асуына қаржы тапшылығы қолбайлау болып тұр. Төрт жылдық еңбек пен маңдай тердің өтеуі - демеушілердің қолдауына тікелей байланысты. Бұл туралы команда жетекшісі Жанель Уразканова Dalanews.kz редакциясына мәлімдеді.
Жеңіспен өрілген жол
Жанель Уразканова бастаған сегіз өнертапқыштың робототехника саласында жүргеніне төрт жылдың жүзі болған.
Осы уақыт ішінде команда бірқатар халықаралық және ұлттық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен.
Мәселен, 2025 жылы өткен әлем чемпионатында команда 7-орын иеленген. Сондай-ақ 2024 жылы Әзербайжанда өткен SAF халықаралық фестивалінде бірінші орын алған. Бұдан бөлек, 2026 жылы Вьетнамда өткен Vietnam Signature Event және Бейжіңде өткен Asia Open халықаралық жарыстарында жартылай финалға дейін жеткен. Ал 2025–2026 жылдары Қазақстанның ұлттық чемпионатында екі рет чемпион атанған.
“Жолдаманы 2026 жылғы Қазақстан Ұлттық Чемпионатында Robot Skills санатынан 1 орын алып, ұтып алдық”, - дейді ол.

Мұхит асу үшін қанша қаражат керек?
Оның айтуынша, VEX Robotics World Championship – робототехника саласындағы ең ірі халықаралық жарыстардың бірі. Бұл додаға жыл сайын әлемнің шамамен 60 елінен 2400-ден астам команда қатысады.
“Бұл – спорттық робототехника жарысы. Сондықтан біз жарыс ережесіне сәйкес жасалған роботпен қатысамыз. VEX V5 платформасында жыл сайын командаларға арнайы тапсырмалар беріледі. Сол тапсырмаларды ең тиімді орындаған роботтар жеңімпаз атанады. Біздің робот С++ тілінде жазылған код арқылы автономды түрде жұмыс істейді”, – дейді команда жетекшісі.
Алайда жарысқа қатысу үшін қомақты қаражат қажет. Жанель Уразканованың айтуынша, әр қатысушыға ұшақ билеті шамамен 500 мың теңгені құрайды. Ал барлық қатысушы мен тәлімгерлерге арналған қонақ үй шығындары 1,5 миллион теңге шамасында. Жалпы алғанда, командаға сапарды ұйымдастыру үшін 5,5 миллион теңге қажет.
Қазіргі уақытта команда демеушілер іздеп жатыр. Команда жетекшісі олардың түрлі қормен және кәсіпкерлермен байланыс орнатқанын айтты. Алайда әзірге нақты қолдау көрсететін демеуші табылмаған.
“Қазақстандағы бірнеше қормен байланыстық, бірақ олардың көпшілігі көмектесе алмайтынын айтты. Қазір жеке кәсіпкерлерден де қолдау сұрап жатырмыз. АҚШ-та өтетін жарысқа бару едәуір қаржыны талап етеді, ал қатысушылардың көбінде мұндай қаражат жоқ. Егер демеуші табылмаса, Қазақстанға берілген орын пайдаланылмай қалуы мүмкін”, – деді Жанель Уразканова.
Команда мүшелері демеушілерге қажетті барлық ақпаратты, соның ішінде шығындар сметасы мен презентацияларды ұсынуға дайын екенін жеткізді. Жас өнертапқыштар қоғам назарын аудару арқылы халықаралық жарыста Қазақстанның намысын қорғауға мүмкіндік табамыз деп үміттенеді.
