Қазақстандағы дінаралық келісім: тұрақтылықтың маңызды факторы

Самал Асқар 10 нау. 2026 20:28

Қазақстан – түрлі ұлт пен дін өкілдері бейбіт өмір сүріп жатқан мемлекет. Қоғамдағы тұрақтылық пен өзара сыйластық мәдениетін қалыптастыруда діни құндылықтар мен конфессияаралық диалогтың маңызы зор. Бұл туралы «Qamqor-Astana» қоғамдық қорының теолог маманы, ислам құқық ғылымдарының PhD докторы Исатай Бердалиев айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz

Маманның айтуынша, діни құндылықтар адамдарды мейірімділікке, әділдікке, сабырлыққа және бір-біріне құрметпен қарауға тәрбиелейді. Ислам дінінің құқықтық жүйесін жазған ғалымдардың еңбектерінде адамның тек Жаратушымен қарым-қатынасы ғана емес, қоғамдағы адамдар арасындағы қатынастар да кеңінен қарастырылған.

«Ислам ғұламаларының еңбектерінде қоғамдағы өзара қарым-қатынасты реттеуге ерекше мән беріледі. Мысалы, дәстүрлі Әбу Ханифа мәзһабындағы негізгі төрт мәтін – “мутну л-Арбаға” еңбектерінде де осы қағидалар көрініс тапқан. Жалпы барлық дін, оның ішінде ислам діні де адамдарды мейірімділікке, әділдікке және сабырлыққа шақырады», – дейді теолог.

Оның айтуынша, исламда адамның қоғамдағы жауапкершілігіне ерекше көңіл бөлінеді. Пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с) «Нағыз мұсылман – өзгелерге тілімен де, қолымен де зиян келтірмеген адам» деген сөзі де осыны дәлелдейді.

Бүгінде Қазақстанда түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бейбіт өмір сүріп жатқаны – қоғамдағы толеранттылық пен өзара сыйластық мәдениетінің нәтижесі. Діни мерекелер кезінде адамдар бір-бірін құттықтап, қайырымдылық шараларын ұйымдастырады. Мұндай игі дәстүрлер қоғамдағы татулық пен бейбітшілікті нығайтуға ықпал етеді.

Сонымен қатар маман конфессияаралық диалогтың маңызын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, әртүрлі дін өкілдері арасындағы өзара түсіністік пен құрмет қоғамдағы тұрақтылықты сақтаудың басты факторларының бірі.

«Діндер арасында диалог болмаса, бейбітшілік болуы мүмкін емес» деген тұжырымды теология ғылымдарының профессоры Ханс Кюнг айтқан. Шынында да, конфессияаралық диалог түрлі дін өкілдерінің бір-бірінің сенімін құрметтеуіне мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қоғамдағы алауыздықтың алдын алып, тұрақты әрі бейбіт қоғам қалыптастыруға жол ашады», – дейді Исатай Бердалиев.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері діндер арасындағы өзара түсіністікті дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Елімізде түрлі дін өкілдерінің қатысуымен халықаралық деңгейде съездер мен кездесулер ұйымдастырылып, діни көшбасшылар бейбітшілік, келісім және ынтымақтастық мәселелерін талқылап келеді.

Маманның пікірінше, мұндай диалог алаңдары қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты сақтауда маңызды рөл атқарады. Олар түрлі конфессия өкілдерінің өзара сенімін нығайтып, ортақ құндылықтарды насихаттауға мүмкіндік береді.

Осылайша, ұлтаралық келісім мен діндер арасындағы өзара түсіністік – қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың басты негіздерінің бірі болып қала береді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove