Ресейге жауап: Қазақстан көліктерге утильалымды арттырмақ

Самал Асқар 10 нау. 2026 17:22

Қазақстан Ресейден импортталатын автокөліктерге утильалым мөлшерін арттыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Dala News.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, бұл шешім Ресей тарапы енгізген шараларға жауап ретінде қабылданбақ. Министрдің сөзінше, көрші ел қазақстандық көліктер үшін утильалымды бірнеше есе, тіпті ондаған есе арттырған.

«Бұйрық әлі қол қойылған жоқ. Біз Ресей нарығына қатысты жаңа талап енгізіп отырған жоқпыз, тек қалыптасқан жағдайды айна-қатесіз қайталап отырмыз. Екі елдің нарығына да тең қолжетімділік болуы керек. Ресейде біздің көліктер үшін утильалым бірнеше есе, ондаған есе көтерілді. Сонымен қатар ол жақта 2029–2030 жылдарға дейін жыл сайын өсетін прогрессивті шкала енгізілген. Соның салдарынан утильалым мөлшері өте жоғары деңгейге жетеді», – деді министр үкіметтегі брифингте.

Министрдің айтуынша, бұл қадам отандық автокөлік өндірісін дамытуға бағытталған. Оның пікірінше, ресейлік көліктердің қымбаттауы Қазақстан нарығына айтарлықтай әсер етпейді.

«Бізде нақты статистика бар. Ресейден Қазақстанға келетін көліктер саны көп емес. Сондықтан бағаның күрт өсуі болмайды. Бұл – нарықтық механизм. Ресей импорты шамамен 3,7% ғана, сондықтан мұнда үлкен қауіп көріп тұрған жоқпын», – деді Ерсайын Нағаспаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove