Қазақстанның Шанхай ұйымына мүшелігі – еліміздің кауіпсіздігінің кепілі

Dalanews 30 мам. 2023 03:38 668

Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Қазақстан үшін маңызы зор. Соңғы уақыттар бұл ұйымды Ресей өзінің әскери мақсатына, ал, Қытай экономикалық мүддесіне тиімді пайдаланып жатыр деген әңгіме айтылып жүр. Осы ұйымның толыққанды мүшесі ретінде Қазақстан Шанхай ұйымынан қандай пайда көреді деген сұраққа жауап іздеп көрсек.

Біріншіден, Қазақстан осы ұйымға мүше болу арқылы шекаралық қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік алатыны белгілі. Екіншіден, еліміз ұйымға мүше елдердің мүмкіндігін пайдалана отырып, қазақ жері арқылы ететін наркотрафиктің жолын кесуге мүмкіндікке ие болады.

Ауғанстаннан келетін есірткі ағынын тоқтату үшін Қазақстанның жекедара күресуі мүмкін емес. Қазақ жерін көктей ететін есірткінің біраз бөлігі елімізде қалып, жастарды улайтыны жасырын емес.

Сондықтан ресми Астана Шанхай ұйымына мүше мемлекеттердің есірткі тасымалына қарсы күрес жөніндегі келісімдерін пайдалана отырып, бұл індеттің тамырына балта шабуы қажет.

Соңғы деректерге көз салсақ, Қазақстанда ондаған мыңнан астам адам түрлі есірткілік заттарды пайдаланатыны мәлім болып отыр. 20 миллионға жуық халқы бар ел үшін бұл бей-жай қарайтын мәлімет емес. Қазақстанның есірткі дәлізінен оны тұтынушы елге айналып бара жатқаны билікті қатты алаңдатып отыр. Сондықтан ШЫҰ мүмкіндігін пайдаланып, есірткі ағынына тосқауыл қойсақ, біз үшін үлкен жетістік болар еді.

Үшіншіден, Қазақстанның ШЫҰ-ына мүше болуының геостратегиялық маңызы бар. Қазақ елі үлкен мемлекеттердің мүддесі тоғысқан нүктеде орналасқан. Сол себепті, Қазақстан көршілерімен ынтымақтастық орнатуы тиіс. Біздің ШЫҰ-на мүшелігіміз – еліміздің кауіпсіздігінің кепілі болмақ. Бүгінде осы ұйымның басты ойыншылары Қытай мен Ресей біздің қауіпсіздігімізге кепілдік беріп отыр. Осы тұрғыдан алғанда ұйымның Қазақ елі үшін маңызы зор.


Қос держава ресми Астананы өздерінің стратегиялық одақтасы санап жүр. Тіпті, Қытай мен Ресей Қазақстанның 2010 жылғы ЕЫҚҰ-ға на ерекше қолдау білдіргенін білеміз. Біздің ЕуроОдақпен территориясынан тысқары жатып, ЕЫҚҰ-ның тізгінін қолға алумызға, бірінші кезекте Қазақстанның әлемдік геосаясатта шоқтығы биік екі елмен тиімді қарым-қатынас орнатқаны себепші болғандығын аңғаруға болады. Егер біз айналамыздағы көршілерімізбен дұрыс саяси қарым-қатынас орната алмағанымызда, ЕуроОдақ жарты әлемнің тыныштығына жауапкер болып отырған ұйымның тізгінін бізге ұстатпас еді.

Әлемдегі саяси жағдайларды байыптап саралаған адам, бұл сұрақтың логикалык тұрғыдан дұрыстығына көз жеткізетіні анық. Дегенмен, бұл болашақтың еншісіндегі шаруа.

Қазіргі таңда ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің бәрі Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше екенін ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан жақын күндері ШЫМ әскери ұйымға айналып, НАТО-ға қарсы тұрады деп пайымдау артықтау болары анық.

Соңғы уақыттары Шанхай ұйымының қауіпсіздік мәселесін жиі кетеруі де осындай ойлардың туындауына себепші болуы мүмкін. Қайта ұйымға мүше мемлекеттер ШЫҰ-ның аясында экономика лық ынтымақтастықты өркендетуге баса мән беріп отыр.

Әскери-стратегиялық қауіпсіздікті дамыту, сенімділік шараларын нығайту мәселелері ШЫҰ-ның әскери ұйымға айналуына түрткі болатын себеп емес. Тіпті, мұндай мәселе ресми саясатта мүлде көтеріліп отырған жоқ. Шанхай ұйымының 2005 жылы 5 шілдеде Астанада өткен саммитінде алғаш рет АҚШ-қа Кіндік Азиядан әскери базаларын алып кету туралы шарт қойылғаннан кейін Шанхай ұйымын НАТО-ға қарсы қоюшылар бой көрсете бастағаны белгілі.


Сол кезде Өзбекстан АҚШ-қа Ханабадтағы әскери базасын әкетуге алты ай уақыт бергені есімізде. Мұның басты себебі – АҚШ Әндіжан оқиғасы кезінде ресми Ташкентті айыпты деп тапқан еді.

Қазір Орталық Азия елдері ислам экстремистерінен қатты сескеніп отырғаны белгілі. Қазақ «Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды» деп бекер айтпаған. Ислам экстремистерінің көршілес Өзбекстан мен Тәжікстанның мазасын қашыруы – аймақтың қауіпсіздік мәселесін қайта қарауға мәжбүрлеп отыр. Осы ретте лаңкестік топтардың бірнеше мемлекеттен шыққан трансұлттық ұйымдар екенін естен шығармауымыз керек. Олардың көздеген саяси мақсаттары бар. Сондықтан ШЫҰ-ның белді мүшелері Ресей және Қытайдың содырлармен күрестегі іс-тәжрибесінен үлгі алып, оны кәдеге жаратудан қашпауымыз керек.

Бұдан басқа Қазақстанның жағрапиялық тұрғыдан Қытай мен Ресейдің ортасында орналасуы еліміздің саяси ойыншылық қабілетінің танылуына септігін тигізетінін ескеруміз керек. Ресей мен Қытайдың кей кездері бір мәселеге бола қызылшеке болып айтысып жататын кездері болады.

Сол кезде Қазақстан саяси ойыншылық қабілетін көрсетіп, өзінің ұпайын түгендеп алуы тиіс. Ал экономикалық ынтымақтастықты дамытуда ШЫҰ-ы орны ерекше. Ұйымға Ауғанстан, Беларусь, Иран және Моңғолия сынды елдердің сырттай бақылаушы ретінде қатысуы ШЫҰ-ның келешегі зор екенін меңзейді.


Қазақстанның ШЫҰ-ға мүше болуы – әлемдік қауымдастық алдындағы беделін арттыратыны сөзсіз. Бұдан басқа экономикамызды дамытуға қолайлы инвестициялық аура туғызатынын айта кетуміз керек. Бұл ретте Қазақстан мен Ресейдің «Батыс Еуропа Батыс Қытай» салғанын атап айтуға болады.

Қазақстанға аса ірі геосаяси ойыншылардың арасында аралық арбитр болу мүмкіндігі беріліп отыр. Көпжақты, күрделі саяси ойын барысында Қазақстан өз ұпайын түгендеп отыруы тиіс. Бүгінде Қазақстан әлемдік державаларға тәуелді болатындай елімізде Ресейдің немесе АҚШ-тың әскери базалары жоқ. Қиын-қыстау кезеңде еш Қазақстанның әскери аэродромдарын пайдаланбағаны белгілі. Демек, басқалар бас ауыртып отырған база мәселесі Қазақстанда жоқ деуге болады.

 

Dalanews.kz анықтамасы:

Шанхай ынтымақтастық ұйымы тұрақты үкіметаралық ұйым ретінде 2001 жылғы маусымның 15-інде Шанхай қаласында Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан мемлекеттерінің өзара келісімімен құрылған. О баста ұйымға бақылаушы болған Үндістан мен Пәкістан қазір ШЫҰ-ның толыққанды мүшесіне айналды.

Оған мүше мемлекеттердің жер көлемі 30 миллион 189 мың шаршы шақырымды алып жатыр. Халқының саны – 1 миллиард 455 миллион адамды қамтиды, яғни мұның өзі жер шарын мекендеген тұрғындардың төрттен бір бөлігі. Ұйымға БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі, Қытай мен Ресей секілді алпауыт елдердің мүше болуы оның халықаралық аренада үлкен саяси беделге ие болып, аймақтағы АҚШ мүддесін теңгермешілік дәрежеде ұстауға мүмкіндік беріп отыр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар