ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін көліктерді заңсыз әкелу дерегі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тергеу амалдарына сай бір топ адам бақылауындағы ЖШС-лар арқылы "Евро-2" экологиялық класына жататын FAW маркалы жүк көліктерін Қазақстан аумағына заңсыз импорттаған.
Қолданыстағы "Евро-4"-тен төмен стандарттағы техниканы әкелуге тыйым салынғанына қарамастан көліктер әкелінген. Техника Қытай Халық Республикасынан сыртқы экономикалық келісімшарттар негізінде жеткізіліп, кейін кедендік рәсімдеу кезінде жалған мәлімет пайдаланылған. Көліктердің қауіпсіздік сертификаттары (СБКТС) қолдан жасалып, онда әдейі "Евро-5" экологиялық класс деп көрсетілген.
"Қазақстан аумағына 20 арнайы техника заңсыз әкелінген. Олардың жалпы кедендік құны 284 млн теңгеден асқан. Кейін бұл техника байланысы бар компаниялар тізбегі арқылы сатылып, мемлекеттік сатып алу аясында 600 млн теңгеден аса сомаға жеткізілген. Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне, 9 көлік пен бір пәтерге, тыйым салынды. Күдіктілердің бірі қамауға алынды, ал оның екі сыбайласына елден шықпау туралы бұлтартпау шарасы қолданылды", - деп жазылған хабарламада.