Ақжарқын Тұрлыбай ісі: Қытайда өмір бойына сотталған қазақстандық студенттің тағдыры

Ақжарқын Тұрлыбай ісі: Қытайда өмір бойына сотталған қазақстандық студенттің тағдыры
ашық дереккөзден

Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбайдың Қытайда қамауда отырғанына он жылдан астам уақыт өтті. Ол 2014 жылдың көктемінде Гуанчжоу әуежайында ұсталып, жүгінен 4,5 келі амфетамин табылғаннан кейін айыпталған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қытай соты қазақстандық студентке өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын кескен. Алайда қорғаушы тарап оның алданғанын және халықаралық есірткі тобының құрбаны болғанын алға тартады. 

Істің басталуы

Ақжарқын Тұрлыбай 1994 жылы Түркістан облысы Мақтаарал ауданында дүниеге келген. Мектепті аяқтағаннан кейін педагогикалық университетке түсіп, Алматыға қоныс аударған.

21 жастағы студент құрбысы Динарамен бірге тұрған. Құрбысы Қытайдан киім әкеліп сатумен айналысқан, ал Ақжарқын да осы іске қызығушылық танытып, 2014 жылдың наурыз айында Қытайға алғаш рет сапар шеккен.

Алғашқы уақытта ол ата-анасымен байланыста болғанымен, көп ұзамай хабар үзіліп, кейін оның Гуанчжоу әуежайында есірткі тасымалдады деген күдікпен ұсталғаны белгілі болды.

Чемодандағы жүк

Қорғаушылардың айтуынша, Нигерия азаматы Адинду Нонсо Фортуна Ақжарқынға Малайзияға әйелдер киімі салынған чемоданды жеткізуді өтінген. Алайда кедендік тексеріс кезінде сол жүктен 4,5 келі амфетамин табылған.

Бойжеткен қамауға алынып, бір жылдан кейін сот үкімімен өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Айыпты мойындамайды

Ақжарқын өз кінәсін мойындамайды. Ол чемоданда есірткі бар екенін білмегенін айтады. Оның адвокаты Сұңқар Нұрмағамбетов те студенттің халықаралық есірткі желісінің құрбаны болуы мүмкін екенін мәлімдеген.

Ұқсас жағдайлар басқа ТМД елдері азаматтарында да тіркелгені айтылып, Ресей азаматы Мария Дапирканың ісі мысал ретінде келтіріледі.

Он жылдан астам қамауда

Ақжарқынның отбасы қорғау жұмыстарына және сапарларға кететін шығынды өтеу үшін мүлкін сатуға мәжбүр болған. Анасының айтуынша, Қытай түрмесінде сотталғандар кейбір қызметтер үшін қосымша ақы төлейді.

Осы жылдар ішінде Ақжарқын қытай тілін меңгеріп, түрмеде йога және ағылшын тілі сабақтарын өткізгені де айтылады.

Елге қайтару мәселесі

Қазақстандық дипломаттар мен қорғаушылар экстрадиция мәселесін бірнеше рет көтергенімен, Қытай тарапы өмір бойына сотталған тұлғаны беруден бас тартып келеді.

Дегенмен, егер жазаның түрі жеңілдетілсе, оны Қазақстанға ауыстыру мүмкіндігі туындауы ықтимал. ҚР Сыртқы істер министрлігі 2025 жылы бұл бағытта жұмыс жалғасып жатқанын хабарлаған. Қазір іс Бас прокуратура қарауында.

Сонымен қатар, Қазақстан тарапы есірткі тасымалдады деген күдікке ілінген Нигерия азаматын да экстрадициялау мәселесін көтеріп отыр.