Қазақстанның Қытайға нота жіберуіне Серікжан Біләш қалай ықпал етті?

Dalanews 17 сәу. 2020 10:41 1041

 Қытай сайтында жарық көрген атышулы мақалаға алғашқы боп «Атажұрт еріктілері» қозғалысының лидері Серікжан Біләш назар аударған деп жазады Dalanews.kz Сaa-network порталына сілтеп. 

Осыдан бірнеше күн бұрын Қазақстан Қытайға наразылық нотасын жіберді. Екі елдің арасында нота жіберу сирек орын алады. Алайда бұл жолғы наразылыққа Қытай ақпарат құралдарындағы мына бір мақала себеп болды:

Соның алдында қытайдың Sohu.com ақпарат агенттігінде "Қазақстан неге Қытайға оралуды қалайды?" («哈萨克斯坦”为何渴望回归中国?») деген мақала жарық көрді.


Мақалада Қазақстанның ерте кезден бері толықтай Қытайдың құрамында болғаны баяндалған. Мақала авторлары бұдан бөлек қазіргі Қазақстанда 400 мыңға тарта қытай диаспорасы тұратынын тілге тиек еткен (алайда бұған ресми дәйек келтірмеген). 

Бұл өз кезегінде қазақстандық оқырманның ашу-ызасына тиіп, Қытайға қарсы наразылықты бұрынғыдан бетер үдете түсті. Сaa-network-порталының жазуынша Қытай сайтында жарық көрген атышулы мақалаға алғашқы боп «Атажұрт еріктілер» қозғалысының лидері Серікжан Біләш назар аударған.

Бұған қатысты видеода Біләш мақаланың мазмұны мен мақсатын егжей-тегжейлі ежіктеп, жұртқа жеткізеді.

Алайда 14 сәуірге дейін осы бір даулы мақала қазақстандық ақпарат құралдарының назарына ілікпейді. Сaa-network порталының жазғанындай Серікжан Біләш көтерген мәселеге отандық БАҚ-тан бұрын билік назар аударған.

Қазақстан билігі Қытай сайтында жарияланған даулы мақалаға тез арада жауап қатуды жөн көреді. Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев (Қазақстанның Қытайдағы экс-елшісі) Қытай елшісі Чжан Сяоны кездесуге шақырып, sohu.com сайтында жарық көрген мақаланың мақсатын түсіндіруді талап етеді, әрі бұған байланысты наразалық нотасын табыстайды.

«Мұндай мақаланың жариялануы екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікке сына қағады», - министрдің орынбасары .

Кездесуден шыға сала Чжан Сяо мырза әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп жазба қалдырды.

«Sohu.com сайтында жарияланған мақалаға байланысты ойым: асығыс шешім қабылдаудан аулақ болыңыздар. Мақаланың Қытай сайтында, қытайша жарық көргені – оның авторы қытай ұлтының өкілі екеніне әрі бұған Қытай үкіметінің қатысы барына кепілдік бермейді.

Қытайша жазатын қытайлар ғана емес. Қазір сайттардың дерлігі оқырманға есігін айқара ашқан. Мұндай алаңда кез-келген адам өзінің араға от салатын ой-пікірімен бөлісе алады.


Мақаланың тақырыбы да назар аудару мақсатында қойылғаны анық. Мұндағы мақсат – саяси ұпай жинау. Ашық түрде арандату. Мәселе бұған кім тапсырыс берді? Күндердің күні тапсырыс берушінің төбесі қылтияды. Қытайдың ешкіммен араздасқысы жоқ...», – деді елші мырза.

Өз кезегінде әлеуметтік желідегі қауым Қытай елшісінің жауабын дипломатияға тіліне сай емес тапты. Бұған да негіз бар.

Чжан Сяоның дипломатия шекарасынан шығып, дөрекі сөйлеуі бір бұл емес.

Қытайдың Қазақстандағы елшісі боп тағайындалғалы бері Чжан Сяо Қытайға қарсы айтылған сын-ескертулерге агрессивті түрде жауап қатуда.

Ескере кетерлік жайт елші әлеуметтік желіні жетік меңгерген. Қазақстан ғана емес, әлем тарапынан Қытайға қарсы айтылған ескертулердің ешбірін елеусіз қалдырмай, Фейсбук, Твиттер, Инстраграм арқылы жауап қатып жүр.


Елшінің сын садағына іліккен елдердің алдыңғы шебінде – АҚШ тұр. Чжан Сяо мырза Қытайдың Орта Азиядағы саясаты мен Шыңжаңдағы тұтқындарға қатысты шындықты айтқан Америка дипломаттарына ерекше шүйлігеді.

Мәселен «Қытайдағы саяси тұтқындар лагерінде қазақтар да бар» деген ақпаратты елші «жалған мәлімет» деп атап, жоққа шығарған.

Артынша Орта Азияны аралаған АҚШ-тың Мемхатшысы Майк Помпеоны айыптап, оны жалақор, жалған сөйлейтін адам деген еді.

«Помпеоның сапарын мұқият зерттесеңіз АҚШ-тың саяси жымысқы жүрісі «мен мұндалап» тұр. Америка Орта Азия елдері мен Қытайды араздастыруды көздейді. Бұл не басыну ма?» деген болатын Қытай елшісі.

АҚШ-тың Мемдепартаменті Қытай шекарасын заңсыз кесіп өтіп, ол жақтағы саяси тұтқындар туралы алғашқы боп айтқан Сайрагүл Сауытбайға «Батыр әйел» премиясын табыстаған тұста да Чжан Сяо мырза үнсіз қалмаған.

«Бұл «батырсымақ» әйел Қытай мен Қазақстанда қылмыскер деп танылған. Батырлық туралы айтудың өзі әбестік. Ол, ол ма Отанын сатты. Өзін асырап жеткізген Отанына күйе жақты. Шынымен батыр болса, Шыңжаң билігінің алдындағы кредитін өтесін! Сайрагүл саяси ойынның құралы ғана...», – деген еді Қытай елшісі.


Қытай елшісінің АҚШ-қа қатысты айыптауларына Қазақстандағы АҚШ елшісі әліге дейін жауап қатқан жоқ.

Даулы мақалаға байланысты Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышевтың алдында барған Чжан Сяо бұл кездесудің нәтижесін де сәл бұрмалап жеткізді.

 «Екі елдің қарым-қатынасына кері әсерін тигізетін мұндай дүниелерді жоюда фейктермен күреске назар аудардық. Қазақстан-Қытай достастығының кепілі ретінде бізге тарих оқулықтарының мазмұнына ерекше мән беру керектігін, сөйтіп жас ұрпақты тарихтың шынайы көзқарасы негізінде тәрбиелеудің аса маңызды екенін айттым», – деді ол.

Бұл Қазақстанға сес көрсету ме? 




Танымал журналист Қуандық Шамахайұлының айтуынша ҚХР ресми сайттары Қазақстанға сес көрсетуді бастап кетті.

«Олар Қытайдың қол астына кіруді "қайта оралу" деп атап, олар емес, біз өзіміз соларға мұқтаж болып отырғандай еш шімірікпестен айтып жатыр. Расымен де, Қытайды астыртын жақтаушылар ел ішінде бар ма?

Қазір, қытайдың құрығы ұзарды. Оның қанды шеңгелі мен темір құрсауы кез-келген жерден кімді болса да, құрықтай алатын жағдайға жетіп отыр дейтіндер де бар», – дейді ол.

Оның пікірінше Қытайдың отарлау саясатына қарсы болған азаматтардың еш кінәсі болмағанымен қандай бір жолмен өз елінде жүріп те, қытайлық күштердің ықпалымен түрлі қысымға ұшырамасына, жазықсыз зардап шекпесіне кепілдік жоқ.


«Ақшамен ауыздарын ұрып, өздеріне қызмет еткізіп қоятын жалдамалы құлдары көршілес елдерде мейлінше көбейген болса, бұл өте қауіпті. Қытайдың зұлымдығын әшкерелеп, коммунистердің азапты лагерлеріне қарсы күрескен жандарды тұқыртудың алуан түрлі айла-амалдар мен зұлымдықтарды ойлап табудан қытайлар еш тайынбас.

Керісінше, егер көптеген көршілес елдерде өз ұлтының мүддесін сатып, қытай отаршыларына жағымды пікір айтып, компартияның суайт елшілерінің сөзін сөйлеп, компартияның астыртын әрекеттерін жақтаған “жұмсақ күштер” итше тойынып, шошқаша семіріп жатса, оған да таң қалуға болмайды. Сақ болайық, еліміздің дербестігін қорғайық!», – дейді Қуандық Шамахайұлы (автордың желідегі жазбасы). ⠀

Қытайда білім алған журналист Ертай Нүсіпжановтің айтуынша Қытайдың әлеуметтік желілерінде Қазақстанның даулы мақалаға орай наразылық нотасын жолдау әрекеті сынға алынған.

«Қазақстан түймедейді түйедей етті. Бұл аталған елдің дипломатиясының жетілмегенін білдіреді. Жекелеген қолданушылардың пікірі тұтас бір елдің көзқарасын танытпайды. Интернет - ашық платформа. Сол себепті әркімнің аузына қақпақ болу мүмкін емес.

Шет елдерде Қытайды қаралаған мақалалар ресми сайттардың бас беттерінде толып тұр. Қазақстанда да аз емес.

 Сол сияқты Қазақстанға қара күйе жаққан мақалалар Батыста да бар. Шағымшыл болса оларға неге қарсылық білдірмейді?" дейді наразылық нотасына наразылық танытқан бір порталында. Қытайдың бұл жазбасы 510 мыңнан аса қаралып, көптеген пікірлер жазылған», – деп жазады Ертай Нүсіпжанов желідегі парақшасында.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар