Мемлекеттік аукцион сайтында Медеу шатқалындағы үй кезекті рет саудаға қойылды. Нысанның бастапқы бағасы 1,9 млрд теңге деп көрсетілгенімен, үйдің нарықтық құны 636 млн теңгеге бағаланған. Сауда-саттық бағаны төмендету тәсілімен өтеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әңгіме Алматының Медеу ауданындағы Керей-Жәнібек хандар көшесінде орналасқан екі қабатты үй туралы болып отыр. Үйдің жалпы аумағы – 272,5 шаршы метр. Нысан 2003 жылы салынған. Оның ішінде бассейн мен сауна бар. Қазір бұл мүлік коммуналдық меншікте және Алматы қаласының Мемлекеттік активтер басқармасының балансында тұр.
Үйді сату әрекеті 2022 жылдан бері жалғасып келеді. Ол кезде аукцион бағаны көтеру форматында өткізіліп, бастапқы құны 265 млн теңгеден басталған. Алайда сатып алушы табылмаған.
Бағалау есебінде үй иесі ретінде Зарема Арыстанбекова көрсетілген. Ол белгілі мемлекет қайраткері Хайдар Арыстанбековтің қызы. Ашық дереккөздердегі мәліметке сүйенсек, Зарема Арыстанбекова Қазақстанның Грузиядағы бұрынғы елшісі Бауыржан Мұхамеджановтың жұбайы. Ол әр жылдары ішкі істер министрі, премьер-министрдің орынбасары және Маңғыстау облысының әкімі қызметтерін атқарған.
Сауда-саттық бүгін, 24 сәуір күні сағат 10:00-де басталды.
