Қазақстанның бірнеше өңірінде бұрын істі болған 20 адам балаларды оқытып келген

Қаракөз Амантай 30 мам. 2025 10:02

Қазақстанда спорт, өнер және қосымша білім беру салалары бойынша бірыңғай ваучер жүйесінің пилоттық жобасы іске қосылады. Бұл бастама балалардың шығармашылық үйірмелерге, спорттық секцияларға және қосымша білім беру бағдарламаларына қолжетімділігін арттырып, саланың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуді көздейді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекет жыл сайын балалардың аталған бағыттардағы дамуын қаржыландырып келеді. Алайда тексеріс нәтижесінде бірқатар заңбұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, кейбір ұйымдар балаларды жалған тіркеп, көрсеткіштерді қолдан арттырған. Сонымен қатар 164 секцияда сабақтар санитарлық талаптарға сай емес орындарда – пәтерлерде, жертөлелерде және тұрғын үйлерде өткізілгені белгілі болды.

Тағы бір алаңдататын жайт – алты өңірде бұрын сотталған адамдардың балаларды оқыту фактілері тіркелген. Бұған қоса, жүйеде тіркелгенімен нақты сабаққа қатыспаған 8 мыңнан астам бала анықталған. Бұл жағдайлар алаяқтық, жалған есеп және бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға жол берілгенін көрсетеді.

Осындай олқылықтардың алдын алу және балаларға қауіпсіз, сапалы орта қалыптастыру мақсатында 2025 жылдың 1 маусымынан бастап бірыңғай ваучер жүйесінің пилоттық жобасы іске қосылады. Алғашқы кезеңде жоба Астана, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Атырау және Ақтөбе қалаларында жүзеге асырылады.

Жаңа жүйе арқылы мемлекеттік және жекеменшік секциялар мен үйірмелер бірыңғай цифрлық платформаға біріктіріледі. Ең басты жаңашылдық – ваучер тікелей балаға беріледі. Бұл оқушының спорт, шығармашылық немесе білім беру салаларында еркін таңдау жасауына мүмкіндік береді және бұрынғыдай қайта кезекке тұру немесе қаржыландырудан айырылып қалу сияқты қиындықтардың алдын алады.

Платформа әзірленгенде әр аймақтың ерекшелігі мен ұсынылатын қызметтердің түрлері ескеріледі. Ваучердің екі түрі қарастырылған:

• Нысаналы ваучер – мемлекеттік мекемелерге арналған және кезекке тұруды қажет етпейді;
• Әмбебап ваучер – ата-аналар eGov.kz порталы арқылы балаларына жекеменшік немесе мемлекеттік емес ұйымды өздері таңдай алады. Бұл ретте кезек баланың жасы мен отбасының әлеуметтік мәртебесіне қарай қалыптасады.

Цифрлық платформада балалардың сабаққа келуі күн сайын тіркеліп отырады. Бұл қаражаттың ашық және әділетті бөлінуін, процестердің автоматтандырылуын қамтамасыз етіп, жемқорлық пен алаяқтыққа қарсы тиімді құралға айналады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар