Қазақстанға «Жабайы жылқыларды қайтару – 2026» бағдарламасы аясында Пржевальский жылқысының төрт айғыры жеткізілді. Бұл туралы Прага хайуанаттар бағының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Хабарламада жануарлардың 15 сағатқа созылған әуе сапары мен екі мәрте ауысып мінуден кейін Қостанайға аман-есен жеткені айтылған.
«Біз Қазақстандамыз! 15 сағаттық ұшудан және екі рет ауысып мінуден кейін Қостанайға қондық. Жылқылардың жағдайы жақсы, қазір оларды крандардың көмегімен жүк көліктеріне тиеп жатыр. Ең қауіпті кезең артта қалды, бірақ алда негізгі сынақ күтіп тұр. Өйткені алдыңғы екі жылдағыдай емес, бұл жолы біз Қостанайдан “Алтын далаға” барамыз және жол 12 сағатқа дейін созылуы мүмкін», – делінген дүйсенбі күні жарияланған хабарламада.
Бағдарлама аясында алғаш рет Қазақстанға тек айғырлардан құралған топ жеткізілген.
Жануарлар Қостанайға CASA ұшағымен жеткізілді. Кейін әуе кемесі Берлинге қайта оралып, тағы төрт биені алып келеді.
Осылайша, бағдарламаның қазіргі кезеңі аясында Қазақстанға жалпы сегіз Пржевальский жылқысын жеткізу жоспарланып отыр.