Қазақстанға келген әр ханцзу - Қытай мемлекетінің қауіпсіздігі органының жауынгері

Dalanews 04 шіл. 2016 06:21 609

Философ Қанағат Жүкешев өзгеше пікірдің иесі. Сонысымен де құнды. Бұл ретте біз ғалымның қазіргі Ресей мен Қытайға қатысты көзқарасын білдірген мақаласын ықшамдап ұсынып отырмыз. Оқыған адам өкінбеуі керек. Сонымен... 

Қазіргі Шығыс елдерінің дені Батыстан келген адам еркіндігі идеясын қабылдауға да дайын емес екенін көрсетіп отыр. Мұның мысалын қазіргі Қытай мен Ресейдің қол астына алған халықтарына қатысты жүргізіп отырған ішкі саясатынан айқын көруге болады.

Ресей қарамағындағы жиырма бір автономиялық республикаларға өзін-өзі басқару құқығын беру ниетін көздеп отырған жоқ. Отарларға бостандық беру туралы сөз қозғау былай тұрсын, бағынышты халықтардың бұған дейін болған автономиялық құрылымдарын жойып жіберу үшін жанталасып жатыр.
Ресей Қиыр Шығыс пен Сібірді мекендеген халықтардың ұлттық автономиялық құрылымдарын жойды. Енді автономиялы республикалардың мәртебесін іс жүзінде шектеу жолдарын, «елді жинау» - бұрынғы Кеңес Одағына енген халықтарды қайта біріктіру әрекетін жасап жатыр. В.Путин үшін дүние жүзінің жүздеген ұлттарын қан қақсатқан Кеңестік тоталитарлық режимнің құлауы, он бес елдің азаттық алуы прогресс емес, «XX ғасырдың аса ірі геосаяси апаты». Мәскеу шенеуніктері 1991 жылдың оқиғалары үшін қатты өкінеді, естеріне түскенде жандары байыз таппайды, басынан ес, бойынан сабыр кетеді. Әсіресе бұлардың - Ресей мен қоса Қытайдың да, ындынын жайлап отырған ел Қазақстан болып отыр.

Шығыс айдаһары Тибет пен Шығыс Түркістанға тәуелсіздік беруді қарастырғаны былай тұрсын, тіпті оларға Қытайдан бөлінбейтін автономия беру туралы мәселені талқылаудан бас тартып отыр. Қытайдың көкейін тескен мақсатына жету үшін таңдап алатын әдісі де айдаһарша - жымиып келіп орап алады, құрбандығын бірден қылғытуға ұмтылмайды, аз күшпен ұстап отырады, оның кезекті босаңсыған сәтін күтеді, босаңсу мезетін сезе қалғанда, оралған белді қыса қояды, пайда болған мүмкіндікті жібермейді, оңтайлы тәсілдермен жемтігін сығып өлтіреді. Жеңіске жетер сәтке таяғанда ғана бар ресурсты қосып, жағдайдың қожасы болып шыға келеді.

Егер Қытай мен Ресейге бағынышты халықтар Батыстың отары болса, онда олар тәуелсіздігін алып, халықаралық қауымдастық субъектілері ретінде әлдерінше дүниежүзілік интеграцияға араласып жүрер еді.

Қазақтар мына факторларды ешқашан ұмытпауы керек.
Ресей үшін Қазақстан - жемқорлықта сыбайлас, халықаралық қатынастарда, әсіресе Батыспен шептесіп қалғанда соңынан ертіп жүретін итаршы мемлекет, тоталитарлық эксперименттер алаңы, Екінші Кеңес Одағын құрғанда қосып алатын «одақтас республика».

Орыстың көздегені - бірінші кезекте жемқорлыққа белшесінен батқан үкіметті қолдай отырып, оны мәжбүрлі досқа айналдыру, солардың қолымен Қазақстан экономикасын уысында ұстау, сыртқы саясатына бақылау жасау, билігіне, заңына араласып, жаңа отарлық тәуелділікте ұстау. Орыстың екінші кезекте көздейтіні - қажетті ахуал қалыптасқанда, іштей тұрақсыздық пайда болып, саяси қызу кондицияға жеткенде Қазақстандағы орыс диаспорасының қолтығына су бүркіп, мемлекеттің іргесін солқылдату. Молдовада, Украинада, Грузияда, Балтық елдерінде қолданған әдісін Қазақстанда қолдану. Бесінші колоннаны күшейте отырып, іштегі тұрақсыздықтың орын алуына жол беру, содан кейін «шет елдердегі Ресей азаматтарын қорғауды» желеу етіп, «Қазақстан үкіметінің сұрауымен» әскер кіргізу. «Мәңгілік дос» идеясының шымылдығын жамылып, «елді жинауды» жүзеге асыру.

Қытай үшін Қазақстан - әзірше жемқор үкіметіне пара беріп қойып, байлығын соратын, сапасыз, арзан тауарды үйіп тастап, өздеріне ештеңе өндіртпейтін, сонысымен экономикасын тәуелділікке түсіретін, келешекте жаулап алатын аумақ. Бұл бағыттарын жүзеге асыру үшін Қытай қаражат аямай табиғи ресурстарды сатып ала беруге, «бірлескен» кәсіпорындар құрып, оларды ханцзу кадрлармен құрамдауға, мейілінше көбірек «жалға» жер алуға, бар мүмкіндікті пайдаланып, өз азаматтарын Қазақстанға көп енгізуге тырысып бағуда. Енді бірер онжылдықтан кейін Қытай «ар сақтап тұрмайтын» (Мао Цзедунның сөзі), қазіргі халықаралық құқықтық тәртіптерді біржақты бұзатын, сонысына жауап бермейтін деңгейге жетеді.
Қазақстанға келген әр ханцзу - Қытай мемлекетінің қауіпсіздігі органының жауынгері.

Олардың тұрпатты әрекетінің мәні мынада: жергілікті ел өкіліне үйлену, қытайдың санын мейлінше көбейтуге атсалысу, орналасып алып, артынан өзге туыстары мен достарын тарту. Өзара байланыс жасай отырып, хуацяоды күшейте беру. Осылардың бәрі сатқын және парақор шенеуніктердің аузын тығындау арқылы екі қолды босатып алумен жүзеге асырылады.
Батыс үшін Қазақстан - Орталық Азиядағы тең әріптес.

Қазіргі Батыс соңғы мың жыл ішінде өздерін дүниежүзілік басымдыққа жеткізген либерералды демократия құндылықтарын ұстанып өмір сүріп келеді. АҚШ осы құндылықтарды өзге елдер мен құрлықтарға орнықтырумен айналысуда. Оларға ғаламшардың қауіпсіздігі, дүние жүзінде бейбітшіліктің сақталғаны керек.

Жер шарында үйлесімділік орнату үшін АҚШ үкіметінің өзіне тиімді бола бермейтін, адами және қыруар қаржы шығаруды талап ететін әрекеттерге де баратын кездері аз емес. Жаппай қыру қаруын иеленуге тырысып жүрген диктаторлық режимдерді ауыздықтауға әрқашан өзгелерден көп күш пен қаражат шығарады. Әрине, нәтижесі үнемі қанағаттандыра бермейтіні де рас, бірақ оның өзіндік себептері бар.

Бүгінгі АҚШ өзінің НАТО-дағы одақтастарымен бірге құқықтық жағынан да, парыз тұрғысынан да дүниетүзуші рөл атқарып келеді. Еуроазия құрлығы елдерінің басым көпшілігі, шынайы демократия елдері түгелдей АҚШ-қа сенім білдіреді. Еуроодақ ұйымы болса жеке ел мен ұйымның мүдделерінің өзара үйлесуіне қол жеткізіп отыр.

Мұнда антагонистік сипаттағы тіл табыспай қалушылық іс жүзінде болмайды. Альянстің кіші әріптестері - Бельгия, Люксембург, Голландия ауыр салмақты Германиямен, Франциямен баяғыдан қолтықтасып өмір сүреді, өздерін жайлы сезінеді. Осыдан кейін Батысқа ілтипатпен қарап, соған қарай бұрылып кеткені үшін Шығыс Еуропа мен Балтық елдерін көзге шұқи кіналауға себеп қалмайды. Болгария, Венгрия, Чехия, Словакия, Польша, Румыния, Латвия, Литва, Эстония - бұлардың бәрінің коммунистік құрылыс орнату жылдарында «үлкен ағаларынан» шекесі ісіген кездері жақсы естерінде. Сондықтан олар «кіммен істес боларымызды Мәскеудің нұсқауынсыз өзіміз шешеміз» дейді және дұрыс істейді.

Ал Мәскеу болса большевиктік мәнермен жұдырығын тұмсыққа таяп тұрып, «сүйетінін» жариялауын қойған жоқ, өзінің бұрынғы одақтастарына олардың кіммен достасуы, кімнен аулақ болу керектігі жөнінде нұсқау беруін әлі жалғастырып келеді. Сонысымен оларды өзінен аулақтатып отырғанын мойындағысы келмейді.
«Украина - мемлекет емес» - деді В.Путин 2008 жылы Бухаресте өткен НАТО-ның саммитінде. Ресей жетекшісі сонысымен украиндықтардың Батысқа қарай тезірек ойысуға мәжбүрлеп отырғанын түсінбеді.

Батыс өркениеттері Қазақстанға қатысты қытай мен орыс жасайтынның бірін де жасамайды. Батыстан ешкім Қазақстанға тұрақты орналасып алу үшін көшіп келмейді. Батыс либерал-демократиялық елдерінің санасында Қазақстанда 5-колонна құру, оны экономикалық тәуелділікте ұстау, аумақты арзан шикізат көзіне айналдыру сияқты жымысқы пиғылдардың бірі де жоқ. 16 миллион қазақстандық түгел қол қойып, 51-штат болайық деп арыз берсең - АҚШ Конгресі қанағаттандырмайды. Батысқа Қазақстанның күшті, демократиялы ел, сенімді әріптес болғаны керек. Оларға Қазақстан аумағы арқылы есірткі трафигі өтпегені, лаңкестік ұйымдар жасақталмағаны керек.

Біз мұсылман еліміз, тегіміз шығыстық, сондықтан дініміз бен тегімізден ажырамай, халықаралық саяси шептесулерде үнемі Шығыс елдері жағына шығып, соларды қолдап отыруымыз керек деген бағытты ұстану - бұл алжасу атрибуты. Саясатта либерал-демократизмді ұстану дін мен тектен ажырауға әкеліп соқтырмайды. Рухани аяда, заңды кеңістікте бұлар құндылық ретінде өмір сүре береді. Ал мемлекеттің келешегі, әлеуметтік дамудың кепілі - Батыс либерал-демократиясында.

Дереккөз: «Общественная позиция» (проект «DAT» № 32 (115) от 28 сентября 2011 г.




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар