Қазақстанға іссапармен келген шетелдік есірткімен ұсталып, сотталды

Көркем Алдабергенова 19 ақп. 2026 09:12

Үндістан азаматы Қазақстанға білім беру саласындағы іссапармен келіп, есірткіге байланысты қылмыс үшін үш жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы журналист Михаил Козачков жазды. Shaikh Abdaluddin есімді Үндістан азаматы былтыр қазан айында Fly Dubai әуе компаниясының рейсімен Астанага ұшып келген. Ол елордада бір тәулік аялдап, кейін Алматыға баруы тиіс болған. Инострандықтың негізгі мақсаты Дубайда орналасқан британдық De Montfort University филиалына қазақстандық студенттерді тарту еді.

Астанаға келген соң ол «Жұмбақтас» қонақүйіне орналасады. Сол жерде, оның айтуынша, төсектің жанындағы тумбочка үстінен ішінде ақ ұнтақ бар шағын пакет тауып алған. Бұл есірткі екенін түсінген ол интернеттен қолдан жасалатын шылым шегу құралын қалай дайындау керегін қарап, бірнеше минуттан кейін алғашқы дозаны қабылдаған.

Зат шетелдікке қатты ұнаған болуы керек, ол оны тастамай, Алматыға өзімен бірге алып кетуді ұйғарған. Есірткіні іш киіміне жасырып, ал шылым шегуге арналған құралды сөмкесіне салып, әуежайға бет алған.

Алайда әуежайда авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері жүктегі күмәнді құрылғыны бірден байқап, оны тексеру аймағына өткізген. Тексеру барысында есірткінің бір бөлігі оның денесінде жасырылғаны анықталған.

Осыдан кейін шетелдік азамат ұсталып, қамауға алынды. Оған аса ірі мөлшерде, сату мақсатынсыз есірткіні заңсыз сақтау және тасымалдау бабы бойынша айып тағылды. Қазақстан заңнамасына сәйкес, бұл қылмыс үшін 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Сотта Shaikh Abdaluddin кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдіріп, бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраған. Алайда судья Адильбек Баймаханов істен жеңілдететін мән-жай таппай, Үндістан азаматын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove