Қазақстанға цифрлық теңге не үшін қажет? Сарапшы ұлттық валютаның жаңа нысаны қалай жұмыс істейтінін түсіндірді

Қазақстанға цифрлық теңге не үшін қажет? Сарапшы ұлттық валютаның жаңа нысаны қалай жұмыс істейтінін түсіндірді
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстан цифрлық теңгені сынақтан өткізуден оны іс жүзінде қолдану кезеңіне біртіндеп көшіп жатыр. 2026 жылы ұлттық валютаның жаңа нысаны мемлекеттік сатып алулардың пилоттық жобаларында және жекелеген бюджеттік есеп айырысуларда қолданылып жатыр. Ұлттық банк сондай-ақ офлайн төлемдерді және бағдарламаланатын ақша технологиясын сынақтан өткізді. Цифрлық теңге дегеніміз не, оны не үшін енгізіп жатыр және ол мемлекетке, бизнеске және азаматтарға қандай өзгерістер әкелуі мүмкін екенін Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саида Тілеуленова түсіндірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

«Цифрлық теңге – бұл қолма-қол және қолма-қолсыз ақшамен қатар ұлттық валютаның үшінші нысаны. Егер қолма-қол ақша банкноттар мен монеталар түрінде болса, ал қолма-қолсыз ақша банктік шоттардағы қаражат түрінде сақталса, цифрлық теңге арнайы электрондық әмиянда сақталатын Ұлттық банктің цифрлық міндеттемесі болып табылады.

Іс жүзінде валютаның өзі емес, оның өмір сүру нысаны өзгереді. Бір цифрлық теңге әрқашан бір қолма-қол немесе қолма-қолсыз теңгеге тең. Сондықтан азаматтар үшін бұл жаңа ақша бірлігі емес, ұлттық валютаны сақтаудың және пайдаланудың қосымша тәсілі,» – дейді Саида Тілеуленова.

Қаржыгердің айтуынша, ұзақ мерзімді перспективада цифрлық теңге есеп айырысуды жеделдетуге, төлемдерді жүргізу құнын төмендетуге, ақша қаражаты қозғалысының ашықтығын арттыруға және көлеңкелі экономиканы қысқартуға қосымша мүмкіндік жасауға қабілетті.

Сарапшының пікірінше, жаңа технологияның ең үлкен тиімділігі дәл мемлекеттік секторда байқалуы мүмкін.

«Қаражатты тек алдын ала белгіленген мақсатқа ғана пайдаланатындай етіп бағдарламалауға болады. Мысалы, мектеп, жол немесе басқа да инфрақұрылымдық нысан салуға бөлінген ақшаны техникалық тұрғыдан басқа мақсаттарға жұмсау мүмкін болмайды», – дейді ол.

Саида Тілеуленованың айтуынша, мұндай тетік мемлекеттік шығыстардың ашықтығын едәуір арттырып, бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану тәуекелдерін төмендете алады.

« Мемлекет бюджет қаражатының қозғалысын іс жүзінде нақты уақыт режимінде бақылап, оның қалай пайдаланылып жатқанын қадағалай алады. Сондықтан цифрлық теңгені алғаш қолдану салалары мемлекеттік сатып алулар мен бюджеттік шығыстар болды», – деп түсіндіреді сарапшы.

Қаржыгердің пікірінше, жобаның тағы бір ықтимал артықшылығы – Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру.

«Егер цифрлық теңге мемлекеттік шығыстардың ашықтығын арттырып, есеп айырысуларды жеделдетсе, бұл инвесторлардың сенімін күшейтетін қосымша факторға айналады », – дейді Саида Тілеуленова.

Алайда оның айтуынша, цифрлық теңгенің артықшылықтары тек мемлекеттік қаржы мен инвестициялық ахуалмен шектелмейді. Болашақта жаңа технология қарапайым азаматтардың күнделікті төлемдерінің де бір бөлігіне айналуы тиіс.

«Болашақта азаматтар интернет уақытша болмаған жағдайда да тауарлар мен қызметтердің ақысын төлей алады. Мысалы, шалғай елді мекендерде немесе байланыс үзілген кезде. Бұл – орталық банктің цифрлық валютасының дәстүрлі қолма-қолсыз төлемдерден негізгі айырмашылықтарының бірі», – деп түсіндіреді сарапшы.

Оның айтуынша, цифрлық теңгені жаппай пайдалану біртіндеп жүзеге асады. Алғашқы кезеңде ол банктік карталарды, мобильді қосымшаларды немесе қолма-қол ақшаны алмастырмайды, тек есеп айырысудың қосымша тәсілі болады.

Осындай тәсілді әлемнің көптеген елдері де қолдануда. Бүгінде орталық банктердің цифрлық валюталары (CBDC) бойынша жобалар әлемнің жүзден астам елінде жүзеге асырылып жатыр. Көптеген мемлекеттер де жаңа технологияны пилоттық жобалардан бастап, кейін оның қолданылу аясын біртіндеп кеңейтуде.

Ең танымал жобалардың қатарында Қытайдағы цифрлық юань (e-CNY), Багам аралдарындағы Sand Dollar және Нигериядағы eNaira бар. Осындай жобаларды Еуропалық орталық банк, Ұлыбритания, Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Сингапур және басқа да бірқатар мемлекеттер дамытып келеді.

Саида Тілеуленованың пікірінше, осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның жобасы жеткілікті деңгейде бәсекеге қабілетті.

«Халықаралық есеп айырысулар банкі мен Халықаралық валюта қорының бағалауынша, цифрлық теңге жобасы дамушы елдер арасындағы технологиялық тұрғыдан ең жақсы әзірленген пилоттық бастамалардың бірі саналады. Оның басты артықшылықтарының қатарында офлайн төлемдерді жүзеге асыру мүмкіндігі мен бағдарламаланатын ақша технологиясын қолдану бар», – дейді сарапшы.

Қорытындылай келе, қаржыгер цифрлық теңгенің табыстылығы оны енгізу фактісімен емес, экономикаға беретін нақты нәтижесімен бағаланатынын атап өтті.