Қазақстан Азиаданың алғашқы күнінде алты медаль жеңіп алды

Қазақстан Азиаданың алғашқы күнінде алты медаль жеңіп алды
olympic.kz

Қазақстан құрамасы Жапонияда өтіп жатқан Азиада-2026 ойындарының алғашқы жарыс күнін төрт алтын және екі қола медальмен аяқтады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ел қоржынына Рината Сұлтанова, Алексей Луценко, Жоламан Бигабыл және Софья Берульцева алтын, Арлан Жаңабай мен қазіргі бессайыстан ерлер құрамасы қола жүлде салды, деп хабарлайды Dala News. 

Алғашқы алтынды велошабандоз Рината Сұлтанова жеңіп алды. Ол әйелдер арасындағы жекелей уақытқа жарыста 36:23.72 нәтиже көрсетіп, мәреге бірінші болып жетті. Қытайлық Чжан Хао күміс, Оңтүстік Корея өкілі Син Джиын қола медаль иеленді. Бұл — Қазақстанның қазіргі Азиададағы алғашқы алтыны. 

«Алғашқы алтын медальдің орны әрқашан ерекше. Бұл жеңіс бүкіл ұлттық құрамаға жақсы серпін береді», — деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Екінші алтынды қазақстандық Алексей Луценко тасжолдағы жекелей уақытқа жарыста жеңіп алды. Ол қашықтықты 41:24.05 уақытта бағындырды. Екінші орын жапониялық Сюнсукэ Имамураға, үшінші орын моңғолиялық Жамбальямц Сайнбаярға бұйырды. 

Бұл Луценконың Азия ойындарындағы бесінші алтыны болды. Ол жекелей уақытқа жарыста төртінші рет қатарынан чемпион атанып отыр. Бұған дейін спортшы 2014, 2018 және 2022 жылдардағы Азиадада осы дисциплинадан топ жарған. 

Қазақстанның үшінші алтынын каратэші Жоламан Бигабыл иеленді. 55 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен спортшы финалда Өзбекстан өкілі Хумоюнмирза Халимовты 9:1 есебімен жеңді. 

Тағы бір алтын медаль Софья Берульцеваның еншісінде. Қазақстандық каратэші 68 келіден жоғары салмақта жеңімпаз атанды. Бұл оның Азия ойындарындағы қатарынан екінші алтыны. Бұған дейін Берульцева Ханчжоудағы Азиадада да осы салмақта чемпион болған. 

Алғашқы қола медальді триатлоншы Арлан Жаңабай жеңіп алды. Ол ерлер арасындағы жекелей жарысты 53:11 нәтижесімен аяқтап, үшінші орынға жайғасты. Жапониялық Ходзё Такуми алтын, Қытай өкілі Чжан Сижуй күміс медаль алды. 

Қазіргі бессайыстан Қазақстан ерлер құрамасы да қола жүлдеге ие болды. Команда сапында Тихон Варехин, Темірлан Абдраимов және Лев Чувашов өнер көрсетті. Жеке есепте ең жоғары нәтижені Абдраимов көрсетіп, жетінші орын алды. Қазақстан бұл спорт түрінен Азиада жүлдесіне 16 жылдан кейін қайта оралды. 

Осылайша, алғашқы жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынында төрт алтын және екі қола — барлығы алты медаль бар.

Бүгін қазақстандық спортшылар басқа спорт түрлерінен де жарысты жалғастырды. Әйелдер құрамасы су добынан алғашқы кездесуінде Сингапурды 12:7 есебімен жеңді. 

Айти–Нагоядағы XX жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді.