АҚШ Федералдық резерв жүйесі өткен түнде базалық мөлшерлемені 25 базистік пунктке көтеріп, 3,75–4,00% диапазонына жеткізді. Бұл АҚШ-тың ақша-кредит саясаты қатаңдау траекториясына түскенін байқатады. Таңертең нарық бірден реакция беріп, АҚШ облигацияларының кірістілігі көтеріліп, доллар нығайды. Қазақстанның монетарлық билігі ФРЖ ставкасының өсетінін алдын-ала болжап отырған еді. Сол болжам расталғандықтан, біздің тарап бүгіннен бастап осы сценарийдегі өз жоспарын іске асыруға кірісті.
«Біздікілер оған дайындалып қойған. Бірақ Қазақстанның қазіргі қорғаныс жастығы бұрынғы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда мықты. Шілде соңында Ұлттық Банктің халықаралық резервтері шамамен 63,7 млрд доллар болды. Оның ішінде алтынның құны 48 млрд доллардан асады. Бұған Ұлттық қордың валюталық активтерін қоссақ, резерв көлемі 120 млрд доллардан асады. Қазір біз ФРЖ ставкасының өсуінен негатив күтіп отырған жоқпыз», - деді DALA INSIDE дереккөзі.
Ұлттық Банк тамызда валюталық интервенция жасамаған еді. Теңге сол айда 2,6%-ға нығайып, бір доллар 461,57 теңгеге дейін түскен. Ал кеше 444 деңгейіне дейін құлады. Осы қыркүйекте бюджет трансферттері үшін Ұлттық қордан 200-300 млн доллар сату жоспарланған және бұған қоса бұрынғы операцияларды «айна» қағидаты бойынша өтеуге байланысты нарыққа валюталық ұсыныс түседі. Демек қысқа мерзімде ішкі нарықта доллар тапшылығы байқалып отырған жоқ.
Сыртқы қарыз жағынан да бір маңызды нюанс бар. Қазақстанның жалпы сыртқы борышы 2026 жылғы 1 сәуірде шамамен 182,8 млрд доллар болған. Бұл үлкен сан болып көрінеді. Бірақ оның шамамен 87,4 млрд доллары тікелей инвестиция аясындағы компанияаралық қарыз. Оны түгелдей Үкімет қайтаруға тиіс мемлекеттік борыш ретінде қарау қате. Мемлекеттік сыртқы қарыздың өзі керісінше биыл қысқарып отыр. Ол 1 шілдеде шамамен 8,35 трлн теңге болды. Сондықтан ФРЖ ставкасының өсуі Қазақстанның ертең сыртқы борышын өтеу қабілетіне тікелей қауіп төндіріп тұрған жоқ. Дегенмен де, енді жаңа долларлық қарыздар мен еуробондтарды орналастыру қымбаттайды.
Біздің осал жеріміз төлем балансына келіп тірелетін сияқты. 2026 жылдың бірінші тоқсанында ағымдағы шот тапшылығы шамамен 1,8 млрд долларға жетті. Оның негізгі себептерінің бірі инвестициялық жобаларға қажетті жабдық пен аралық тауарлар импортының қатты өсуі еді. Экспорт бірінші тоқсанда 19,1 млрд долларға жетсе, импорт $14,8 млрд болды. Алайда инвестициялық табыстардың шетелге шығарылуы ағымдағы шотты минусқа түсірді. Ұлттық Банктің бастапқы болжамы бойынша 2026 жылы ағымдағы шот тапшылығы ЖІӨ-нің шамамен 3,7%-ын құрауы мүмкін.
Сонымен қатар екінші тоқсанда жағдайдың едәуір жақсарғаны байқалады. Қазіргі есеп бойынша II тоқсанда ағымдағы шот шамамен 3 млрд доллар профицитке шығып, жартыжылдық қорытындысында шамамен 1 млрд доллар оң сальдо қалыптасуы тиіс. II тоқсанның нақты дерегі осы айдың соңында жарияланады.
Әзірге қорғаныс жастығы жеткілікті. Бірақ Федералды резерв жүйесінің Вашингтондағы түнгі шешімі біздегі Ұлттық Банктің базалық ставканы ары қарай жылдам төмендету мүмкіндігін азайтты. ФРС ставкасы өсіп жатқан кезде бізге енді ставканы төмен түсіру аса қауіпті. Сондықтан ставка бойынша 23 қазанда өтетін комитет отырысы қызу болатын сияқты.