Қазақстандықтарға жылу үшін төленген 1,2 млрд теңгеден астам қаржы қайтарылады

Қазақстандықтарға жылу үшін төленген 1,2 млрд теңгеден астам қаржы қайтарылады
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстанда 2025–2026 жылғы жылыту маусымының қорытындысы бойынша тұрғындарға жылу үшін төленген 1,2 млрд теңгеден астам қаржы қайта есептеу арқылы қайтарылады. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу комитеті хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қайта есептеу жылу энергиясын есептейтін құрылғылары жоқ тұтынушылар үшін сыртқы ауа температурасының нақты көрсеткіштері негізінде жүргізілген. Қайтарылатын сома тұтынушылардың жеке шоттарында аванс (сальдо) ретінде жеке жолмен көрсетіледі.

Ең көп қаражат Астана тұрғындарына қайтарылады. Елордада қайта есептеу нәтижесінде 460,67 млн теңге тұрғындардың пайдасына есептелген. Ал Шығыс Қазақстан облысында бұл көрсеткіш 298,56 млн теңгені құрады.

Өңірлер бойынша қайтарылатын қаржы көлемі:

  • Астана – 460,67 млн теңге;
  • Алматы – 57,77 млн теңге;
  • Шымкент – 38,5 млн теңге;
  • Абай облысы – 270 мың теңге;
  • Алматы облысы – 12,7 млн теңге;
  • Ақмола облысы – 13,98 млн теңге;
  • Атырау облысы – 22,09 млн теңге;
  • Ақтөбе облысы – 11,03 млн теңге;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 298,56 млн теңге;
  • Жамбыл облысы – 26,06 млн теңге;
  • Батыс Қазақстан облысы – 1,82 млн теңге;
  • Қостанай облысы – 25,69 млн теңге;
  • Қызылорда облысы – 42,21 млн теңге;
  • Маңғыстау облысы – 161,6 млн теңге;
  • Павлодар облысы – 29,11 млн теңге;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 14,59 млн теңге;
  • Түркістан облысы – 370 мың теңге.

Ал Қарағанды, Ұлытау және Жетісу облыстарында жеке қайта есептеу жүргізілген жоқ. Себебі бұл өңірлерде жылу қызметінің құны бастапқыдан-ақ нақты ауа температурасы ескеріліп есептелген. Комитеттің мәліметінше, Астанада да есептеу нақты температураға негізделген. Алайда жылыту маусымы кезінде ауа райының өзгеруіне байланысты төлемдер ай сайын түзетіліп отырған.

Айта кетейік, 2024–2025 жылғы жылыту маусымының қорытындысында жылу энергиясын есептеу құралдары жоқ тұтынушыларға шамамен 1,5 млрд теңге қайтарылған болатын.