Индонезияның Умалас ауданында шетел азаматтарын тексеру операциясы барысында Қазақстан азаматы ұсталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
«Олар төрт әйелді, оның ішінде үш Ресей азаматы мен бір Қазақстан азаматын ұстады», — деп мәлімдеді Индонезияның көші-қон қызметі.
Antara агенттігінің мәліметінше, операция 17 қыркүйекке қараған түні Балидің Чангу, Семиньяк және Умалас туристік аудандарында жүргізілген.
Умаласта көші-қон қызметкерлері Telegram арқылы түскен ақпарат негізінде виллалардың біріне бақылау жүргізген. Нәтижесінде үш Ресей азаматы мен Қазақстан азаматынан тұратын төрт әйел ұсталған.
Кейін осы ауданда көші-қон қызметкерлері миграциялық ережелерді бұзды деген күдікпен Нигерияның тағы төрт азаматын ұстаған.
Семиньякта қызметкерлер жезөкшелік қызметтерін насихаттау үшін қолданылған деген онлайн-платформаны анықтаған. Виллада Нигерияның үш азаматы ұсталып, олардың елде болу рұқсаттарының мерзімі өтіп кеткені анықталған.
Чангу ауданында жезөкшелік қызметін ұйымдастыруға көмектесті деген күдікпен Ресей азаматы әйел мен Украина азаматы ер адам ұсталған.
Жалпы операция барысында 12 әйел мен бір ер адамды қоса алғанда, 13 шетел азаматы ұсталған.
Қазір ұсталғандар Нгурах-Рай көші-қон басқармасында жауап беріп жатыр.
Индонезия көші-қон қызметінің мәліметінше, шетел азаматтарына елдің 2011 жылғы көші-қон туралы заңын бұзды деген күдік келтіріліп отыр. Оларға депортация және Индонезияға бес жылға дейін кіруге тыйым салынуы мүмкін. Сонымен қатар ел заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Көші-қон қызметі операцияның Балиде шетел азаматтарының елде болуын және қызметін бақылау жұмыстары аясында жүргізілгенін хабарлады.