Қазақстандықтарға маңызды ескерту жасалды: алаяқтар салық органдарының атын жамылып жүр

Қазақстандықтарға маңызды ескерту жасалды: алаяқтар салық органдарының атын жамылып жүр
ЖИ: Dalanews.kz

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтарға маңызды ескерту жасады. Ведомство елде телефон арқылы жасалатын алаяқтық жағдайлары тіркелгенін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мәліметке сәйкес, белгісіз адамдар өздерін Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкері ретінде таныстырып, салық төлеушілерді жаңылыстыруға тырысуда. Олар азаматтарға қызмет түрін шұғыл растау, тіркеу деректерін жаңарту немесе мобильді қосымшалар арқылы «міндетті верификациядан» өту қажет екенін айтады.

Алаяқтар тұрғындарды бөгде қосымшаларды жүктеуге, күмәнді сілтемелерге өтуге және авторизациядан өтуге көндіреді. Кей жағдайда SMS-кодтарды, электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) мәліметтерін, парольдер мен банк карталарының деректерін енгізуді сұрайды.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, алаяқтар e-Salyq мобильді қосымшасын немесе басқа да бағдарламаларды жүктеуді талап етуі мүмкін. Олар мұны «әр екі жыл сайын қызметті растау қажет» деп түсіндіріп, талап орындалмаса, қызмет тоқтатылатынын айтып қорқытады.

Алайда ведомство бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін және алаяқтық схема екенін мәлімдеді.

«Мемлекеттік кірістер комитеті мұндай қоңыраулар жасамайды, телефон арқылы мобильді қосымшаларды орнатуды, растау кодтарын, банк карталарының деректерін, ЭЦҚ кілттерін, парольдерді жіберуді немесе бөгде сілтемелерге өтуді талап етпейді», – делінген хабарламада.

Комитет қазақстандықтарды ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеруге және бейтаныс адамдарға жеке мәліметтерін бермеуге шақырды.