Қазақстандықтардың банк деректерін ұрламақ болған топ құрықталды

Қазақстандықтардың банк деректерін ұрламақ болған топ құрықталды
ЖИ: Dalanews

Астанада төрт күн ішінде қазақстандықтарға шамамен 150 мың фишингтік SMS-хабарлама жіберіп, олардың банк деректерін қолға түсіруге әрекеттенген қылмыстық топтың жолы кесілді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Прокуратураның мәліметінше, алаяқтық схема осы жылдың қаңтар айында пайда болған. Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің бірінің азаматы жергілікті тұрғынды ақшаға тартып, кейін оларға басқа да қатысушылар қосылған.

Күдіктілер хабарламаларды тарату үшін арнайы «SMS-бластер» құрылғысын пайдаланған. Бұл құрылғы ұялы байланыс базалық станциясының жұмысын имитациялап, байланыс операторларының сүзгілерін айналып өтуге мүмкіндік берген.

Нәтижесінде Beeline, Kcell және Activ абоненттеріне танымал компаниялар атынан жалған хабарламалар жолданып, азаматтарға жиналған бонустарын айырбастау ұсынылған.

SMS-тегі сілтеме қолданушыларды жалған сайтқа бағыттаған. Онда азаматтардан банк картасының нөмірі, CVV-коды және растау коды сұралған. Осылайша алаяқтар пайдаланушылардың жеке деректері мен қаржылық мәліметтеріне қол жеткізуге тырысқан.

Құқық қорғау органдары арнайы жабдықтарды тәркілеп, төрт күдіктіні қамауға алды. Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр.