25 сәуір күні сағат 09:00-ден 13:00-ге дейін Қазақстанның барлық онкологиялық орталықтарында Ашық есік күні өтеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Іс-шара аясында еліміздің кез келген тұрғыны дәрігер-онкологтың қабылдауына жолдамасыз және алдын ала жазылмай-ақ бара алады. Шараның негізгі мақсаты – қатерлі ісіктерді ерте кезеңде анықтау. Мамандардың айтуынша, ауру ерте анықталса, емдеу тиімділігі артып, науқастың өмір сүру сапасын сақтауға мүмкіндік жоғары болады.
Ашық есік күні аясында қазақстандықтарға мынадай қызметтер тегін көрсетіледі:
онколог және басқа да бейінді мамандардың кеңесі;
онкологиялық аурулардың алдын алу бойынша ұсынымдар;
медициналық көрсетілім болған жағдайда бастапқы тексеру;
жетекші онкологтардың қабылдауы;
қажет болған жағдайда диагностикалық зерттеулер;
тұрғындарды қызықтырған сұрақтарға жауап;
салауатты өмір салтын ұстану және денсаулықты сақтау жөніндегі кеңестер.
Қабылдауға келген азаматтардың өзімен бірге жеке куәлігі болуы қажет.