Мәжілісте дербес деректерді қорғау және киберқауіпсіздікке қатысты жаңа түзетулер таныстырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Түзетулердің жеке блогы азаматтардың дербес деректерін қорғауға арналған. Мәжілісте бұл өзгерістер Конституциядағы жеке деректерді қорғау нормаларын күшейту үшін әзірленгені айтылды.
«Заң жобасында дербес деректер операторларының классификациясы енгізіледі. Олар өңделетін ақпарат көлеміне және сын-қатерлер деңгейіне қарай шағын, орта және ірі болып бөлінеді. Тиісінше, мұндай операторларға қойылатын талаптар да әртүрлі болады. Осылайша, дербес деректер саласында сын-қатерге бағдарланған реттеу моделі енгізіледі», - делінген Мәжіліс хабарламасында.
Депутаттардың айтуынша, бұл жүйе ірі платформалар мен көп көлемде дерек өңдейтін ұйымдарға бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
«Сондай-ақ таралып кеткен дербес деректер тізілімі енгізіледі. Мемлекеттік ақпараттық жүйе аясында әрбір азамат өзінің қай дербес дерегі ашық қолжетімділікте болуы мүмкін екенін немесе тарап кетуге байланысты қиындыққа ұшырауы ықтимал екенін тексере алады. Бұл адамдарға өз деректерін қорғау бойынша дер кезінде шара қабылдауға жол ашады», - деп хабарлады Мәжіліс.
Заң жобасында дербес деректерді жариялау және алмасу кезінде қорғау талаптарын күшейту де қарастырылған.
«Атап айтқанда, құжаттарды ашық жариялау міндетті болған жағдайда дербес деректерді бүркеу және хеш-код пайдалану, сондай-ақ операторлар арасында алмасу кезінде дербес деректерді шифрлау туралы талаптар енгізіледі», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар азаматтардың жеке деректерін ашық жариялауға келісім беру тәртібі де өзгереді.
«Енді келісімде адамның өз дербес дерегін ашық жариялауға рұқсат беретіні не бермейтіні бөлек көрсетілуге тиіс», - деп хабарлады Мәжіліс.
Бұдан бөлек, цифрлық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріне мемлекеттік бақылау жасау функцияларын қайта бөлу ұсынылған.
Мәжіліс мәліметінше, цифрлық объектілерді басқару саясаты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде қалады. Ал мемлекеттік бақылау функцияларын Ұлттық қауіпсіздік комитетіне беру көзделіп отыр.