31 тамыздан бастап Қазақстанда әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау басталады. Бағдарлама арқылы қазақстандық әйелдер 50 миллион теңгеге дейін тұрғын үй несиесін рәсімдей алады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бағдарлама шарттарына сәйкес, өңірлерде сатып алынатын баспананың бастапқы жарнасы кемінде 15 пайыз болуы тиіс. Ал Астана мен Алматы қалаларында алғашқы жарна көлемі тұрғын үй құнының кемінде 20 пайызы.
Несие жылдық 14,8 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 16,3–16,8 пайыз аралығында болады. Бағдарлама бойынша берілетін қарыздың ең жоғары сомасы – 50 миллион теңге.
Өтінім беруші отбасының орташа айлық таза табысы 1,25 миллион теңгеден аспауы қажет. Қажет болған жағдайда қосалқы қарыз алушыны тартуға мүмкіндік қарастырылған.
Бағдарламаға қатысу үшін әйел адамның ресми жұмысы мен тұрақты табысы болуы шарт. Сонымен қатар өтінім берушінің атында басқа тұрғын үйдің болуы немесе оның отбасылық жағдайы ипотека рәсімдеуге әсер етпейді.
«Ұмай» бағдарламасы аясында пайдалануға берілген жаңа тұрғын үйлерден пәтер сатып алуға болады. Сондай-ақ Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігі немесе сақтандыру тетігі болған жағдайда салынып жатқан тұрғын үйден баспана алу мүмкіндігі қарастырылған.
Бұған қоса, ипотека арқылы қайталама нарықтағы тұрғын үйді де сатып алуға рұқсат етіледі. Алайда мұндай баспана 2016 жылдан бұрын салынбаған болуы керек.
Еске салайық, «Ұмай» ипотекалық бағдарламасы алғаш рет 2021 жылы іске қосылған болатын. 2023 жылы бағдарлама бойынша бөлінген лимит бірнеше сағат ішінде толық игерілді. Бағдарламаны 2025 жылы қайта бастау жоспарланғанымен, кейін оның іске қосылу мерзімі 2026 жылға ауыстырылған еді.