Қазақстандықтар жаңа төлқұжатты үйден шықпай-ақ рәсімдей алады

Көркем Алдабергенова 06 қаң. 2026 14:24

Биыл қазақстандықтар төлқұжатты онлайн форматта қайта рәсімдей алады. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Өткен жылы қазақстандықтар үшін жеке куәлікті онлайн түрде қайта рәсімдеу қызметі қолжетімді болған еді. Енді осындай мүмкіндік төлқұжаттарға да енгізілмек.

«Биыл осы қызметті онлайн форматта кеңейтуді жоспарлап отырмыз, бұл мәселені ІІМ-мен бірлесіп, төлқұжаттар бойынша пысықтап жатырмыз. Қазіргі таңда біз құжатты қайта рәсімдеу бағытымен келе жатырмыз, себебі құжатты алғаш рет беру - өте сезімтал процесс. Идеал жағдайда адамның бұл қызметті шынымен өзі алып жатқанын көзбе-көз тексеруіміз қажет: фотосуретке түсіру, қолтаңба алу және өзге де талаптар бар», - деді Ростислав Коняшкин үкіметтегі брифинг барысында.

Вице-министр нақты мерзімді атамады, алайда қызмет 2026 жыл ішінде қолжетімді болатынын айтты.

«Неге біз бұл іске кезең-кезеңімен келіп отырмыз? Себебі процестің азаматтарға ыңғайлы, қауіпсіз әрі шынымен тиімді жұмыс істейтініне көз жеткізуіміз керек», - деп түсіндірді ол.

Шенеунік қазақстандықтардың жүргізуші куәлігін онлайн рәсімдеу мүмкіндігі бұрыннан бар екенін де еске салды. Бұл қызметті алдағы уақытта толықтай онлайн форматқа көшіру жоспарланып отыр. Дегенмен, ХҚКО-ға жеке барып қызмет алғысы келетіндер үшін бұл мүмкіндік сақталады.

«Бұл азамат ХҚКО-ға өзі келсе, оны қуып жібереді немесе қызмет көрсетпейді деген сөз емес. Біздің қызметкерлер не eGov Mobile мобильді қосымшасын орнатып береді, не болмаса өзін-өзі қызмет көрсету аймағына апарып, қызметті онлайн форматта қалай алуға болатынын түсіндіріп береді», - деді Коняшкин.

Жасанды интеллект министрлігінде қазақстандықтар уақыт өте келе қызметтер мен құжаттарды рәсімдеудің онлайн форматына өздері біртіндеп толық көшеді деп күтуде.

«Біз үйренген ХҚКО-лар біртіндеп өзгереді. Бірден айтайын, бұл тез жүретін процесс емес. Әр түрлі санаттағы азаматтардың сұранысы әрқалай екенін ескеруіміз керек. Қазірдің өзінде қызметті онлайн алуға ыңғайлы деп санайтындар бар - олар бұл мүмкіндік eGov Mobile қосымшасында, eGov порталында немесе екінші деңгейлі банктердің платформаларында болса, ХҚКО-ға бармайды. Ал кейбір азаматтар онлайн алуға мүмкіндік бола тұра, бәрібір ХҚКО-ға келгісі келеді. Оператор көмектескенін қалайды - оларға солай сенімдірек, тыныш», - деп қосты ол.

Вице-министр үйреншікті ХҚКО-лардың «белгілі бір бөлігі» сақталатынын да атап өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар