Қазақстанда Қытайдан көлік жеткізіп беруші компанияның әрекетінен шамамен 60 адам зардап шеккенін мәлімдеп отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Зардап шеккен халықтың айтуынша, олар автокөліктерге толық ақы төлеген, бірақ көліктерін ала алмаған. Компания менеджерлерімен байланысуға тырысқанда жауап беруді тоқтатқан, ал фирманың негізін қалаушысы, жәбірленушілердің сөзінше, шетелге қашып кеткен.
Алдын ала есеп бойынша, автодилер клиенттеріне 1 миллиард 200 миллион теңге қарыз. Бір апта бұрын автосалонда сатылымдағы көліктер тұрған, ал қазір ғимарат бос: көліктер мен құрал-жабдықтар шығарылып әкетілген, есіктер жабылып, мөр басылған.
Зардап шеккендердің бірі – Илья Погожев. Ол жұбайымен бірге үш жыл бойы 12 миллион теңге тұратын қытай кроссоверіне ақша жинаған. Бағаны төмендету үшін автодилер көлікті Қорғастан тікелей тапсырыспен алуды ұсынған. Алайда арада екі ай өтсе де, машина жеткізілмеген.
«Компанияның құрылтайшысы Б.Е. өзі хабарласып, қазір кеденде проблема туындағанын айтып, көлігіңізді жақында әкелеміз деп ескерткен. Ал өткен аптадағы бейсенбі-жұма күндерінен бастап мүлде байланысқа шықпай қойды: қоңыраулар жетпейді, хабарламалар жауапсыз», – дейді жәбірленуші.
Зардап шеккендер – Қазақстанның жеті қаласының тұрғындары. Олардың барлығы өз ақшасын қайтаруға тырысқан. Алайда менеджерлер үн қатпай қойған. Жәбірленушілердің айтуынша, компанияның құрылтайшысы қазір Ыстамбұлда болуы мүмкін, бірақ полиция бұл ақпаратты растамай отыр.
«Бұл дерек бойынша Жетісу ауданы полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі – аса ірі көлемдегі алаяқтық бойынша қылмыстық іс тіркеді. Қазіргі уақытта істің жан-жақты, толық әрі объективті қарастырылуын қамтамасыз етуге бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады полиция департаменті.
Өзін зардап шеккендердің қатарына жатқызатындар тек клиенттер ғана емес. Даудың кесірінен көрші автосалон да қиын жағдайға тап болған. Оның кеңсесі мен автотұрағы дәл осы аумақта орналасқан. Қызметкерлердің айтуынша, келушілер компанияларды жиі шатастырып жүр.
Клиенттер жаңа көліктерін күтуден үміт үзген. Енді ең болмаса ақшаларын қайтарып алуға үміттенеді. Сонымен бірге қолына тимеген көліктер үшін алған кредиттерді қалай өтейтіндерін ойлап отыр.
