Алматы қалалық полиция департаменті әлеуметтік желілерді бақылау барысында Daricorn есімді блогердің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғанын анықтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Жол қозғалысы ережелерін әдейі әрі менменси бұзған қыз-келіншек ешқандай бұрылыс сигналысыз жолақ ауыстырып, апатты жағдай туындатқан. Тексеру нәтижесінде аталған азаматша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 595-бабы 1-бөлігі (бұрылыс немесе жолақ ауыстыру кезінде сигнал бермеу) және 606-бабы 1-бөлігі (апатты жағдай жасау) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды,” — делінген хабарламада.
Есепке сәйкес, блогерге салынған жалпы айыппұл сомасы – 58 980 теңге.
Полиция департаменті Daricorn-ның бұл әрекетін әдейі жасалған, айналасындағылардың өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қатер төндірген қадам деп бағалады.
“Ең сорақысы — осындай қауіпті іс-әрекеттің бәрі интернеттегі лайк пен қаралым үшін жасалады,” — деп қынжылды құқық қорғаушылар.
Полиция өкілдері қоғамда танымал болу, жазылушылар саны мен жариялылық деңгейі заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайтынын кесіп айтты.
“Заң — бәріне ортақ. Жаза — бұлтартпас. Әрбір заң бұзушылық бейнежазбасы – құқықтық жауаптың бастамасы. "Бәрі рұқсат" деген жалған түсінікпен хайп қуған әрекеттер қатты сынға алынып, тиісті жазасын алады,” — деп ескертті Алматы полициясы.
Айта кетейік, Daricorn бұған дейін де сынға іліккен еді. Оның парақшасында жарияланған видеода бір баланың ата-анасының рұқсатынсыз бейнесі көрсетілген. Кейін анасы бұл жағдай баласына кибербуллингке ұшырауына себеп болды деп, Балалар құқықтарын қорғау комитетіне арызданған болатын.