Қазақстандағы РФ елшісі: Санкциялардың ешбірі екі ел арасына сызат түсіре алмайды

Кәмшат Тілеухан 12 мау. 2025 10:39

Ресей, Қазақстан және Еуразиялық кеңістіктегі өзге де елдердің экономикалық және саяси ынтымақтастығы үнемі даму үстінде. Ресейге қарсы санкциялардың ешбірі оған қауіп-қатер төндіріп немесе сызат түсіре алмайды. Астанада 12 маусымда атап өтілетін Ресей күніне орай ұйымдастырылған іс-шарада Қазақстандағы Ресей Федерациясының елшісі Алексей Бородавкин осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

"Ресей мен Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі көлік байланысын дамыту бағытында күш біріктіруде. Бұл тұрғыда Ресей, Қазақстан, Түрікменстан мен Иранды Парсы шығанағымен байланыстыратын "Солтүстік – Оңтүстік" бағыты аса маңызды. Сондай-ақ бұл бағыт Өзбекстан, Ауғанстан және Пәкістан аумақтарын қамти отырып, аралас жүк және жолаушы тасымалына арналған транзиттік желі құруды көздейді. Экономикалық интеграциядағы оң өзгерістерді заңсыз санкциялар да, екінші деңгейлі шектеу шаралары да тоқтата алмайды", – деді ол.

Елші Қазақстанмен жүзеге асып жатқан маңызды жобалардың бірі – Байқоңырдағы "Бәйтерек" кешені екенін атап өтті. Оның айтуынша, биылғы желтоқсанда аталмыш кешеннен ресейлік "Союз-5" зымыраны ұшырылмақ.

"Ресми емес мәліметке сәйкес, Ресейдің Қазақстан экономикасына құйған инвестициясы 56 миллиард доллар шамасында. Қазақстан аумағында шамамен 20 мың ресей-қазақ бірлескен кәсіпорны жұмыс істеп тұр. Екі ел арасындағы есеп айырысуда ұлттық валюталардың үлесі 90 пайызға жетті", – деді ол.

Сондай-ақ Бородавкин Ресей мен Қазақстанның одақтас екенін және бұл ұстанымды халықаралық ұйымдар аясындағы бірлескен әрекеттер арқылы бірнеше рет дәлелдегенін айтты.

"Ғасырлар бойы Ресей түрлі биіктер мен трагедияларды, жеңістер мен құлдырау кезеңдерін бастан өткерді, бүкіл әлемге рухани даму, ғылым, техника, өнер және экономика саласындағы ең үлкен жетістіктерін паш ете білді. Ресей тек орыстардың ғана емес, көптеген басқа халықтардың да шаңырағына айналды. Барлық көптеген сынақтардан Ресей әрдайым одан да күшті, өз-өзіне сенімді, өз күштері мен сарқылмас мүмкіндіктеріне ие бола түсті. Бұған біз бүгін де куә болып отырмыз.Қанша сынақтан өтсе де, Ресей жасыған жоқ, қателіктен сабақ алып, одан сайын қуатты бола түсті. Бүгін біз мұның куәсі болып отырмыз. 2024 жылы 16 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік көшбасшылармен кездесуінің бірінде: "Ресейдің әскери тұрғыда жеңілмейтіні - факт" деуі де тегін емес", - деген Бородавкин Қазақстанда орыс тіліне қолдау көрсетіліп келе жатқанын да баса атап өтті.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Владимир Путинді Ресей күнімен құттықтаған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар