Freedom Inside '26

Ақаев Жапаровтың билікте тағы 10 жыл қалуын қолдады

Ақаев Жапаровтың билікте тағы 10 жыл қалуын қолдады
Фото: ecfor.ru

Қырғызстанның тұңғыш президенті Асқар Ақаев қазіргі мемлекет басшысы Садыр Жапаровқа елді басқару үшін қосымша уақыт беру қажет деп санайды. Ол бұл пікірін 19 маусым күні Ыстықкөлде өткен халықаралық форумда айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ақаевтың сөзінше, бүгінде Қырғызстанда ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр және бұл үдерісті ол «қырғыздың экономикалық кереметі» деп бағалады.

«Қазіргі президентке осы экономикалық бағдарламаны толық іске асыру үшін халық қосымша мандат бергені дұрыс болар еді. Мұндай жобаларды аяқтауға кемінде 8-10 жыл қажет», – деді экс-президент.

Асқар Ақаев Қырғызстанды 1990 жылдан 2005 жылға дейін басқарды. Ол 2005 жылғы Наурыз революциясынан кейін қызметінен кетіп, содан бері Мәскеуде тұрып келеді.

2022 жылы Ақаев Қырғызстанға екі рет келіп, «Құмтөр» кен орнына қатысты жемқорлық ісі бойынша тергеуге қатысқан. Кейін Бас прокуратура қылмыстық қудалау мерзімінің өтуіне байланысты оған тағылған айыптардың алынғанын хабарлаған.

Былтыр қыркүйекте бұрынғы президент парламенттен өзіне экс-президент мәртебесін қайтаруды сұрағанымен, бұл өтініш қолдау таппады.

Айта кетейік, Ақаевтың өзі билік басында болған жылдары президенттік өкілеттігін бірнеше мәрте ұзартқан.