Қазақстанда жылдық инфляция 10,2%-ға дейін төмендеді

Қазақстанда жылдық инфляция 10,2%-ға дейін төмендеді
pixabay.com

2026 жылдың шілде айының қорытындысы бойынша Қазақстанда жылдық инфляция 10,2%-ды құрап, алдыңғы аймен салыстырғанда төмендеді, деп хабарлайды Dalanews.kz

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, шілде айында айлық инфляция 0,6% болды. Бұл көрсеткіш 2025 және 2024 жылдың шілде айларындағы 0,7%-дан төмен.

Ведомствоның мәліметінше, жылдық инфляцияның баяулауына Үкіметтің, Ұлттық банктің және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баға өсімін тежеуге, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шаралары әсер еткен.

Шілде айының қорытындысы бойынша азық-түлік тауарларының жылдық инфляциясы 10,1%-ды құрады. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бір жыл ішінде 2,4%-ға өсті. Былтыр бұл көрсеткіш 9,4% болған.

Министрлік мұны әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімін 19-дан 31 атауға дейін кеңейту, сауда үстемесінің шекті 15% мөлшерінің сақталуын бақылау, делдалдар санын қысқарту және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету жөніндегі шаралармен байланыстырады.

Сонымен бірге министрліктің мәліметінше, жанар-жағармай нарығын кезең-кезеңімен ырықтандыру және коммуналдық қызметтер тарифтерін көтеруге қойылған мораторийдің аяқталуы инфляцияға қысым көрсетуді жалғастырып отыр. Соның салдарынан азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы шілде айында жылдық есеппен 11,7%-ға өсті.