Қазақстанда халықтың 8 пайызының маусымдық аяқ киім алуға ақшасы жетпейді

Қазақстанда халықтың 8 пайызының маусымдық аяқ киім алуға ақшасы жетпейді
ашық дереккөз

Қазақстандықтардың 8,3 пайызы ақшасы жетіспегендіктен қысқы және жазғы аяқ киім сатып ала алмайды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тұрғындардың 8,3 пайызында қаржы тапшылығына байланысты маусымға сай екі жұп аяқ киім сатып алуға мүмкіндік жоқ. Бұл туралы EnergyProm Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйеніп хабарлады. Былтыр мұндай мәселе қазақстандықтардың 7,8 пайызында болған. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 9,5 пайызға жеткен.

Маусымдық аяқ киім сатып алуға ақшасы жетпейтін әйелдердің үлесі ерлерге қарағанда жоғары. Әйелдердің 9,1 пайызы екі жұп аяқ киім алуға мүмкіндігі жоқ екенін айтқан. Ерлер арасында бұл көрсеткіш 7 пайыз болған.

Мәселе ауыл тұрғындары арасында жиі кездеседі. Ауыл халқының 9,3 пайызы маусымдық аяқ киімге ақша жетпейтінін айтса, қала тұрғындары арасында бұл көрсеткіш - 7,9 пайыз.

Егде жастағы адамдар арасында көрсеткіш одан да жоғары. 61 жастан асқан қазақстандықтардың 10,1 пайызы маусымдық аяқ киім сатып ала алмайды. 49-60 жас аралығында бұл көрсеткіш 8,4 пайыз болса, 29-38 жастағы адамдар арасында 6,4 пайыз болып отыр.

Сонымен қатар, Қазақстанда аяқ киім бағасы өсіп жатыр. Шілдеде аяқ киім 0,6 пайызға қымбаттаған. Жыл басынан бері баға 6,4 пайызға өскен.