Қазақстанда ҰОС ардагерлері 10 мың доллардан алды

Қазақстанда ҰОС ардагерлері 10 мың доллардан алды
gov.kz

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 81 жылдығы қарсаңында әкімдіктер жергілікті бюджет есебінен ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне біржолғы материалдық көмек көрсетті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мереке аясында Қазақстанда тұратын ҰОС ардагерлеріне 5 млн теңгеден (10 мың доллардан аса) төленді.

Әкімдіктер тарапынан берілген мерекелік төлем 32,9 мың адамды қамтыды. Олардың қатарында ҰОС ардагерлері, сондай-ақ, Жеңіске үлес қосқан өзге де азаматтар бар (тыл еңбеккерлері, қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері және т.б.).

1 мамырдағы жағдай бойынша ҰОС ардагерлерінің ай сайынғы жиынтық төлемі (зейнетақыны ескергенде) - орта есеппен шамамен 290 мың теңге. Ал ҰОС кезеңінде мүгедектік алған азаматтар үшін бұл көрсеткіш 300 мың теңгеден асады.

Қаржылай көмектен бөлек, ардагерлерді қолдаудың бірыңғай жүйесі қалыптасқан. Оларға тегін шипажай, арнаулы госпитальдарда білікті медициналық көмек, тұрғын үймен қамтамасыз ету және өзге де қолдау шаралары ұсынылады.

Сонымен қатар, жергілікті деңгейде әкімдіктер тарапынан қосымша көмек көрсетіледі: тұрғын үйлерді жөндеу, дәрі-дәрмекпен, отынмен, азық-түлікпен қамтамасыз ету және басқа да қолдау түрлері қарастырылған.