Қазақстанда туу көрсеткішінің төмендеуі алдағы жылдары жалғасып, бұл үрдіс елдің еңбек нарығына, білім беру мен медицина салаларына айтарлықтай ықпал етуі мүмкін. Alvin Market зерттеу агенттігінің сарапшылары осындай қорытындыға келген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Агенттік мәліметінше, алдағы 5–10 жылда бастауыш мектептердегі оқушылар саны азайып, бұл жекеменшік балабақшалар мен мектептердің толық жүктелмеуіне әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, балалар тауарлары нарығы да қысымға ұшырайды. Медицинада педиатриялық қызметтерге сұраныс төмендеп, керісінше, репродуктивті денсаулық сақтау саласына деген қажеттілік арта түседі.
Ұзақ мерзімді перспективада жұмысқа қабілетті халықтың азаюы еңбек ресурстарының тапшылығына, жалақы қорының қысымға ұшырауына және өндірісті автоматтандыру үдерісінің күшеюіне алып келеді. Сарапшылар бұл құбылысты Қазақстанның "күміс экономикаға" — яғни егде жастағы тұрғындардың үлесі басым қоғамға көшуімен байланыстырады.
Alvin Market сарапшыларының пікірінше, бұл мәселеге қарсы тұру үшін елге жаңа, заманауи отбасылық саясат қажет. Атап айтқанда, қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмыс істейтін ата-аналарды қолдау және бала күтімі бойынша инфрақұрылымды дамыту — басты міндеттердің бірі болуы тиіс.
Туу көрсеткішінің төмендеуінің 7 негізгі себебі:
Демографиялық жаңғыру үзілісі
Қазір бала туу жасына 1990-жылдардағы дағдарыс кезеңінде туған адамдар келіп жетті. Ол жылдары туылғандар саны аз болғандықтан, ата-ана болуға қабілетті әйелдер мен ерлер де аз.
Еңбек нарығындағы тұрақсыздық
Тұрақты табыстың болмауы балаларға инвестиция жасауды тәуекелге айналдырады.
Мамандардың елден кетуі
Репродуктивті жастағы әйелдер, ІТ саласының мамандары мен креативті индустрия өкілдері шетелге қоныс аударуда.
Бала сүюді кейінге шегеру
Жас отбасылар арасында бірінші баланы босану жасы ұзаруда, ал кейбірі отбасында бала санын әдейі шектейді.
Некенің азаюы және ажырасудың көбеюі
2013 жылдан бері елде некеге тұрушылар саны азайып, ажырасу көрсеткіші айтарлықтай артқан.
Алғашқы ана болу жасының ұлғаюы
Әйелдердің алғаш рет бала туу жасы жылдан-жылға кешігуде.
Репродуктивті денсаулықтың нашарлауы
Бедеулік деректері көбейіп, көптеген отбасы медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр.